5.11.2018, 16:19
Қараулар: 651
Шеберлікті арттырған семинар

Шеберлікті арттырған семинар

Жуырда Дариян ауылында облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен,  аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен облыстық әдіскерлер клубының «Мәдени үдеріс креативі – жарнама Бриф» тақырыбында семинар оздырылды. Мақсаты – әдіскерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, көпшілік-мәдени креативті іс-шараларды халыққа жарнамалау жолдарын іске асыру, мәдениет саласындағы қызметкерлердің арасында өзара тәжірибе алмасу.


Шараға Сырым, Ақжайық, Қаратөбе, Теректі, Жаңақала, Жәнібек,

Бөкей ордасы, Бөрлі, Казталов, Шыңғырлау аудандарынан және облыстық халық шығармашылығы орталығы мен қалалық мәдени-ағарту орталығының әдіскерелері қатысты.

Одан соң қонақтар этно-мәдени орталықтары мен «Шабыт» коворкинг

орталығында болып, мәдени ошақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Семинар қатысушыларына аудандағы мәдениет үйі мен клуб қызметкерлерінің ұйымдастырған көрмелері мен аудан орталығынан арнайы келген

«Скифы» тобы ерекше көңіл күй сыйлады. Көңілдері бір серпіліп қалған

семинарға қатысушыларға аудандық мәдени-демалыс орталығының

әдіскері Т.Исмағұлова аудан көлеміндегі атқарылған ауқымды шаралар

туралы мәлімет берді.

Мәдениет үйінің үлкен залына жиналған әдіскерлерге аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Р.Ықыласов аудан әкімі А.Шахаровтың атынан жылы лебізін жеткізіп, барлығына сәттілік тілесе, облыстық халық шығармашылығы орталығының мәдени-демалыс бөлімінің әдіскері Б.Дәулетқалиева баяндама жасап, әдіскерелер клубының өткізіліп жатқан жұмыстары жайына тоқталды.

Сахна төріне көтерілген аудандық мәдени-демалыс орталығы бөлімінің әдіскері А.Намазова мәдени шаралар ісіндегі жаңашылдық, қол жеткізген табыстар мен жетістіктерге талдау жасап, ой-талқыға кезек берді.

Аудандардан келген әдіскерлер түрлі тақырыптарда мерекелерік шараларға байланысты шығармашылық жұмыстарын қорғап, бейнетаспаларын ұсынды.

Осылайша құнды пікірлер айтылған семинар жұмысы Январцев ауылдық округіне қарасты Красноармейский ауылдық клубында жалғасын  тапты.

Шара соңында сөз алған аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы А.Ишанов барлық қатысушыларға алғыс білдірді.

 

Гүлжан  АЯЗБАЕВА,

Дариян ауылы