1.11.2018, 9:43
Қараулар: 8
Жүлдеден тау тұрғызған туристер

Жүлдеден тау тұрғызған туристер

Бүгінде елге танымал қосымша білім беру педагогі Серік Хайруллиннен тәлім алатын жас туристер облыстық, республикалық жарыстардан олжалы оралып жүр. Соның ішінде соңғы кездері ересектер арасындағы туризм спорты жарыстарында аудан спортшылары әжептәуір нәтижеге қол жеткізіп келеді.


Биылғы жылдың қазан айының өзінде үш бірдей жарыста бақ сынаған туристер жанкүйерлерін жерге қаратпады. Алдымен ересектер арасындағы облыс кубогі жарысында жергілікті спортшылар спринт, орта және ұзақ қашықтықта алдарына жан салмады.

Атап айтар болсақ, ересектер сынына енді-енді араласа бастаған Наргиза Иргусаева үш қашықтықтың үшеуінде де бас жүлде иеленсе, 35 жастан жоғары спортшылар сынында жарыс жолына шыққан Сергей Щербань Наргизаның жетістігін қайталады. Ал, облыстың үздік турист спортшылары арасындағы бәйгеде бақ сынаған Нұркен Қасымов орта және ұзақ қашықтықа І, қысқа қашықтықта ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ Аман Бекешев атты спортшы екі бірдей қашықтықта ІІІ орын нәтижесін көрсетті.

Бұл жарыстың ізін ала Орал қаласының ашық кубогі жарысына аттанған турист-спортшылар ел намысын жықпады. Өңір аудандары мен Орал қаласынан келген екі жүзге жуық спортшы қатысқан жарыс бірнеше жас ерекшеліктері бойынша өтті. Екі күн бойы ұзақ және орта қашықтықта сынға түскен спортшылардың нәтижелері сараланып, үздік уақыт көрсеткендер жүлдегер атанды. Бұл жарыста 11 жасқа дейінгі спортшылар арасында Ерхан Есболұлы ІІ, Бақтияр Болатбек І орын иеленсе, 13 жасқа дейінгі спортшылар арасында Ерасыл Серікұлы ІІ, 15 жасқа дейінгі споршылар сынында Илья Козловский ІІІ, Берік Сабрахман ІІ орыннан көрінді.


Аталмыш жарыста жергілікті қыздар да алдына жан салмады. Оның ішінде 11 жасқа дейінгілер арасынан Майя Үмбетәлиева І орын иеленсе, оның жеңісті жолын 13 және 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында сынға түскен Балауса Ильясова мен Света Сағынғали жалғады. 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында тағы бір жерлесіміз Дамира Ерсайынова ІІІ орын нәтижесін көрсетті. Сондай-ақ ересектер арасында бақ сынаған Орал қаласының ашық кубогінде Естай Кеңгесбаев ІІ, Нұркен Қасымов пен Наргиза Иргусаева І орынға ие болды.

Аудан туристері жүлде салған үшінші дода дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Батыс Азимут» жарысы болды. Осымен 11-інші мәрте ұйымдастырылған турист-спортшылар жарысына өңірдің мықты деген үш жүзге жуық спортшылары қатысты.

Әдеттегідей үш қашықтық және бірнеше жас ерекшеліктері бойынша өткен туристер тартысының қорытындысында орта қашықтықта ерлер сынында Естай Кеңгесбаев, Данат Мусалимов өз жас ерекшеліктері бойынша ІІ орын иеленсе, Илья Козловский ІІІ, Ерасыл Серікұлы І орынды иеленді. Дәл осы қашықтықта сынға түскен қыздар ішінен Балауса Ильясова ІІ орын иеленсе, Ләззат Төлепбергенова бас жүлдені қанжығалады. Ұзақ қашықтықта Естай Кеңгесбаев өзінің орта қашықтықтағы нәтижесін қайталаса, Берік Сабракман, Ерасыл Серікұлы және Бахтияр Болатбек өз қатарластары арасында үздік атанды. Ұзақ қашықтықта сынға түскен қыздар арасында Света Сағынғали мен Майя Үмбетәлиева намысты қолдан бермей, ІІ орынға қол жеткізді. Ал қысқа қашықтықта Естай Кеңгесбаев ІІІ, Ерасыл Серікұлы мен Ерхан Есболұлы ІІ, Бақтияр Болатбек І орынды иеленді.

Қазіргі уақытта туристер қысқы маусымға дайындықтарын бастап та кетті.

 

Түгелбай БИСЕН