26.10.2018, 18:50
Қараулар: 7
Мереке барда береке бар (Сурет)

Мереке барда береке бар (Сурет)

«Жайық Пресс» медиаходингінің ұжымы жұмыс сапарымен ауданымызда болды. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатында ауданымызда «Туған жер» этно-мәдени іс-шаралар кешенін ұйымдастыра келген меймандарды аудандағы лауазымды тұлғалар қарсылап алды.


Алтын дәнді өлкенің қонақжайлығын сезінген меймандарға облыстық ақындар айтысының жүлдегері, белестік мұғалім Естеміс Мұқамбетов жырдан шашу шашты.

Бұдан кейін медиахолдинг ұжымын аудан әкімі Асхат Шахаров қабылдады.

— Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұжырымдамалық мақаласы жан-жақты қамтиды. Оның ішінде туған жер туралы толғаныстары да қалыс қалған емес. Президентіміздің мақаласын халыққа насихаттау мақсатында атқарып жатырған еңбектеріңіз зор болсын! Әрине, бұл жақсы бастама. Біз қолдаймыз, — деді Асхат Берлешұлы.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов өз кезегінде аудан басшысына атқарып отырған жұмысына толайым табыс тіледі.

Қабылдаудан кейін бас директор Рауан Сәбитұлы аудан әкімдігің «Ақжайық» мәжіліс залында аудан ардагерлерімен, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп ұжымымен, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова аудандық орталық аурухана ұжымымен кездесті.


Кездесулер барысында оқырман мен медиахолдинг арасындағы көпірді нығайтуға байланысты түрлі ұсыныс-пікірлер айтылды.

Сонымен қатар, осы мезетте Қ.Аманжолов атындағы атындағы мектеп базасында 7-11 сынып оқушыларының арасында облыстық «Өрімтал» жас тілшілер байқауының аудандық кезеңі өткізілді.

Фестивальге қатысушы өрендер «Туған өлке» тақырыбында өзіндік ой-тебіреністерін парақ беттеріне түсірді.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде жас тілшілер байқауына қатысушылардың шығармаларының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды.

-Туған жер аясы кең ұғым. Барлық жақсы нәрсе осы туып-өскен өлкеден басталары анық. Сондықтан әр азамат өз туған еліне немқұрайлы қарамай, бар ниетімен, нақты көмегін көрсетсе, ол сауапты іс. Бүгінгі шара жерлестерімізге үлгі боларлық жоба деп білемін. Ізгілікті шараны ұйымдастыра келген «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымына ризашылығымды білдіріп, қолға алған осындай шараларыңыз алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табады деген сенімдемін, — деді аудан әкімі Асхат Шахаров салтанатты шарада.

Бұдан кейін сөз алған «Жайық Пресс» медиахолдинг директоры Рауан Сәбитов аудан әкімі бастаған ұжым мен тұрғындарға өз ризашылығын білдірді.


-Құрметті алтын дәнді өлкенің тұрғындары, біздің патша көңілді оқырмандарымыз, жас достар баршаңызды баршаңызға бүгінгі кешімізге қош келдіңіздер дейміз. Журналистер қауымының ел арасында көп жүретіні өздеріңізге мәлім. Бірақ біздің бүгінгі сапарымыздың жөні бөлек. Біріншіден, өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды насихаттау мақсатында ел арасына шығуды жөн көрдік. Мемлекет басшысы мақаласында туған жерге ерекше тоқталады. Өйткені әр адамның жүрек түкпірінде қонақтайтын ең қастерлісі ол – туған жер. Біздің бүгінгі шарамыздың туған жер аталуының себебі де осы.

Екіншіден, жергілікті жерлерде оқырмандарымызбен қауышып, ой-пікірлерін білу мақсатымен келіп отырмыз, — деді Рауан Сәбитұлы.

Айта кету керек, екі облыстық және он екі аудандық басылымның басын қосқан «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы бұған дейін он бір ауданда болып, оқырмандармен жүздескен болатын.

Шара барысында Рауан Сәбитов аудандық басылымға жан-жақты қолдау көрсетіп, жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген оннан астам ауылдық округ әкімдері,  аудандық басылымға жан-жақты және қаржылай-материалдық қолдау көрсетіп жүрген аудан кәсіпкерлері «Асан Ауыл» ЖШС Бейбіт Асанов, «АСФА» ЖШС жетекшісі Иван Енютин, аудандық басылымға жан-жақты қолдау көрсетіп, жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген аудандағы мекеме басшылары, олардың ішінде Переметный ЖОБМ мектебінің директоры Мәлік Өтешов, Зеленов колледжінің директоры Александр Бақтыгереев, Қ.Аманжолов атындағы атындағы мектеп директоры Роза Тасанова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов, аудандық орталық аурухана директоры Тимур Мусағалиев алғыс хаттармен марапаттап, сый-сыяпаттар табыс етті.

Сонымен қатар аудандық басылымды оқырмандарға уақтылы және өз деңгейінде жеткізіп жүрген пошта қызметкерлері Макаров ауылдық округінің пошта байланыс торабының басшысы Ақмарал Телжанова мен Мичурин ауылдық округі пошта байланыс торабының пошташысы Гүлшат Сейтімоваға сыйлықтар ұсынылды.

Облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы аудандық басылымға тұрақты түрде сапалы мақалалар жазып жүрген газеттің штаттан тыс тілшілері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Ешниязоваға (Егіндібұлақ ауылдық округі), еңбек ардагері Майдан Жұбандықовқа (Көшім ауылдық округі), Жанерке Ерболқызына (Мичурин ауылдық округі), еңбек ардагері Николай Анципровичке (Переметный ауылдық округі), Достық жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Светлана Голубеваға, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ернарын Ғиылмановқа штаттан тыс тілші куәлігін табыс етті.  

Облыстық «Приуралье» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Роза Сыйықова аудандық басылымға тұрақты түрде тырнақалды өлең-мақалаларын жазып жүрген мектеп оқушылары Дильназ Жәнібекова (Егіндібұлақ ЖОББ мектебінің 8-сынып оқушысы), Ришат Шәріпов (Қ.Аманжолов атындағы ЖОББ мектебінің 6-сынып оқушысы), Бақтыбай Тәжімұратов (Қ.Аманжолов атындағы ЖОББ мектебінің 10-сынып оқушысы), Ғасыр Серікұлы (Достық жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы), Нұрасыл Ізбасаровтарға (Достық жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы) аудандық «Ауыл тынысы» қоғамдық-саяси газетінің жас тілшісі куәліктері табыс етілді.

Ал «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев «Өрімтал» жас тілшілер байқауының жеңімпаздарына жолдамалар табыс етті. Енді жеңімпаз атанған тілшілер қараша айында өтетін облыстық байқауда бақ сынайтын болады.

Шара шеңберінде аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған бір топ азаматқа облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», аудандық «Ауыл тынысы» басылымдарына 2019 жылға баспасөзге жазылғандығы жөніндегі түбіртектер салтанатты түрде берілді.

Мерекелік шара аясында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері, халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаттары әннен шашу шашып, мереке көрігін қыздырды.

Осылайша, билік пен бұқара халыққа басылым қадірін ұғындырып, ән мен жырдан шашу шашқан «Туған жер» этномәдени шарасының нүктесі біздің ауданда қойылды.

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар