25.10.2018, 17:55
Қараулар: 439
Облыс чемпионы атағы Бөрліге бұйырды. (Фото)

Облыс чемпионы атағы Бөрліге бұйырды. (Фото)

Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған волейболдан ерлер командалары арасындағы Батыс Қазақстан облысы чемпионатының шешуші кезең ойындары аяқталды.


Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен әуедоп шеберлерінің тартысы екі күнге созылды. Жарыстың алғашқы күні екі топқа бөлінген командалар жартылай финал жолдамаларын сарапқа салды. Қызықты ойындар нәтижесінде Зеленов, Ақжайық, Бөрлі және Казталов аудандарының командалары екінші тур жүлделерін сарапқа салуға мүмкіндік алды.

Финалға берілер жолдама таласын Бөрлі мен Казталов командалары бастады. Тартысты ойын қорытындысында 2:1 есебімен бөрлілік жігіттер жеңіске жетсе, екінші жұпты құраған Ақжайық ауданы мен алаң иелерінің ойыны екінші турдың сәнін кіргізді. Үш сетке созылған ойын көрерменнің де, ойыншылардың да делебесін қоздырды. Өліспей беріспеген командалар ойынының нәтижесінде 2:1 есебімен зеленовтық жігіттер жеңді.

Осылайша, жартылай финал ойындары аяқталып, жеңіліс тапқан Казталов пен Ақжайық аудандарының командалары үшінші орын жүлдесіне таласты. Қорытындысында көрермен қошеметіне ие болған Ақжайық ауданының командасы жеңісті жұлып алды.

Финал. Тур жеңімпазы атағын Бөрлі мен Зеленов командалары сарапқа салады. Алаң иелері өз көрермені алдында ұятқа қалғысы келмесе, бөрлілік жігіттер жеңсе, облыс чемпионы атанатындығын жақсы біледі. Сондықтан болар, ойыншылар өз-өздерін жігерлендіріп, ойынға беріле кіріскен. Бұл тұйықтық пен ойыншалардың нәтижеге деген алаңдаулы күйі көрерменге берілгендей. Ойыншылар артық қимылға бармай, әр допқа үлкен жауапкершілікпен қараса, көрермен тым-тырыс ара-тұра сүйікті командасын жігерлендіргендей қиқулай жөнеледі де қайта басылады.

Көрерменнің де, ойыншылардың да жүйкесіне жүк түсірген финалдық ойын қорытындысында жеңіске деген жігер танытқан Бөрлі командасы тур жеңімпазы атанды.

Жарыстың жабылу салтанатында үздік ойыншылар анықталды. Командасын алға сүйреп, үздік өнер көрсете білген ақжайықтық Данияр Бакишев «Үздік шабуылшы», казталовтық Ерсін Бекқалиев «Үздік қорғаушы», зеленовтық Алпамыс Сабырғалиев «Үздік байланыстырушы», жаңақалалық Еламан Рахимов «Үздік тосқауыл қоюшы» аталымдарын иеленсе, Бөрлі командасының жеңіске жетуіне өзіндік үлесін қосқан Руслан Қуанов «Үздік ойыншы» атанды.

Осылайша екі турға созылған волейбол ойындарының қорытындысында Казталов командасы облыс чемпионатының қола жүлдесін, Жаңақала командасы күміс жүлдесін иеленсе, Бөрлі командасына чемпион атағы берілді.

Түгелбай БИСЕН