25.10.2018, 9:16
Қараулар: 648
Екі жарыстан жүлделі оралды

Екі жарыстан жүлделі оралды

Аудан спортшылары апта ішінде екі бірдей байрақты бәсекеде бақ сынап, аудан намысын жықпады. Алдымен спортшылар қазақ күресінің шебері, бүкіл қазақстандық жазғы спартакиада жеңімпазы Ибат Әбілұлы Ерешевті еске алуға арналған облыстық ашық турнирге барды.


Турнирге 2003-2004 жылғы жасөспірімдер мен 50 жастан асқан спорт ардагерлері қатысты.

Ашық турнирге облыс орталығы мен аудандардан бөлек, Астана, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау қалаларының палуандары да қатысқандығын айта кеткен жөн.

Бәсі жоғары бәсеке боз кілеміне алдымен жасөспірімдер шықты. Бұл белдесу нәтижесінде 46 келіде бақ сынаған Расул Жолдасов жартылай финалға дейін оңай жеткенімен ақтық сынға өте алмай, жұбаныш кездесуінде жинақылық танытып, үшінші орынға табан тіреді. Дәл осындай нәтижені спорт ардагерлері арасындағы бәсеке көркін қыздырған Раушан Есенғалиев пен Өтеген Қалауов та қайталады.

Бұл жарыстың ізін ала панкратионнан Батыс Қазақстан облысының кубогіне аттанған балғын спортшылар аталмыш жарыста да тәуір нәтиже көрсетті. 2005-2006, 2003-2004, 2001-2002, 1999-2000 жылдары туылған жасөспірімдер мен жастар және ересектер арасында өткен жарыста Дильман Нұрлыбай, Нұрлыбек Жәмиев, Дастан Ғұбайдуллин, Мадияр Амантай сынды спортшылар өз салмақтарында үшінші орыннан көрсінсе,  Ербол Тынышбаев пен Батырбек Бисек екінші, Расул Жолдасов бірінші орынды иеленді.

Екі бірде байрақты бәсекеге спортшыларды баптап апарған Манарбек Кенжеғалиев:

— Бар-жоғы бір апта ішінде екі жарыста бақ сынаған шәкірттер шаршаса да жаттығуларын жалғастыру үстінде. Шама келгенше, жарыстан қалмауға тырысып бағамыз. Басты меже — ел біріншілігі, — дейді.

 

Түгелбай БИСЕН