25.10.2018, 9:07
Қараулар: 387
Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ауданда болды

Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ауданда болды

24 қазан күні облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және  отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, комиссия мүшелері Жаннат Нұрмағамбетова, Алтын Жұмағазиева және облыс орталығындағы бір топ кәсіпкерлер ауданымызға қарасты Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды.


Облыс басшысының орынбасары бастаған топты қарсылаған орталық директоры Кемел Сәдбеков алдымен мекеме ғимаратының жай-күйімен таныстырды.

— Бұл мекеменің іргетасы 1949 жылы қаланған. Бүгінгі таңда 101 адамға есептелген мекемеде 63 арнаулы әлеуметтік қызмет алушы бар. Оларға 184 адам қызмет көрсетеді, — деді Кемел Ермекұлы.

Бұдан кейін комиссия мүшелері әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ішін аралап көрді. Әлеуметтік қызмет алушы балалар өз кезектерінде бейсерден облыс әкімдігі бейнеленген картинаны өңір басшысына сыйлау үшін тарту етті.

Оралдық «магнит әйел» Қарлығаш Нығметова балаларға денсаулыққа пайдалы түрлі жаттығулар жасатса, қалған кәсіпкерлер шеберлік сағаттарын өткізді.

Кәсіпкер Балзия Евенеева түрлі тәттілерін, ал «Экспо+» ЖШС директоры Людмила Шукина қызмет алушыларға үш дана домбыра мен бір қуыршақ сыйлады.

— Біз, комиссия мүшелері өңіріміздегі әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жай-күйлерімен танысамыз. Күрделі мәселелер болса, шешімін табуға тырысамыз. Бұл мекемеге қосымша бу қазандығын қою мәселесі бойынша қазір жобалық-сметалық құжаттар жасақталды. Алдағы күндері жүзеге асатын болады. Бұдан бөлек, ауылдық әлеуметтік қызметшілерге қосымша қаржы қосу мәселесі айтылды. Қазір Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірімізде іссапарлармен жүргендіктен бұл мәселені олардың алдына республикалық деңгейде шешу үшін қоятын боламыз. Басқа қандай мәселелер бар екенінен хабардар болдық.

Жалпы, қызмет алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған. Алдағы күндері де орталық біздің бақылауымызда болады, — деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

 

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ