23.10.2018, 14:49
Қараулар: 367
Тоғызқұмалаққа қызығушылық артып келеді

Тоғызқұмалаққа қызығушылық артып келеді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау бөлімінде «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» — деген сөздер бар.


Осы ретте аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мекебінің ұжымы жас жеткіншектердің ұлттық спортқа деген қызығушылығын ояту, балалардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті сіңдіру мақсатында тоғызқұмақтан 2001-2004, 2005-2007 жылдары аралығында туылған жас жеткіншектер арасында аудан біріншілігін ұйымдастырды.

Ауданның 8 мектебінен келген ойлы оқушылар жарысының қорытындысында 2005-2007 жылдары туылған оқушылар арасында Дильяра Мұлтаева үздік деп танылса, осы жастағы ұлдар сынында Әлішер Мырзагерейге тең келер ойыншы болмады. Ал, 2001-2004 жылдары туылған қыздар сынында Дильназ Исмағұлова, ұлдар сынында Сәлім Нұр жеңіске жетті.

— Бүгінде ауданда ұлттық спортқа деген қызығушылық жоғары. Жыл санап, тоғызқұмалаққа қызығатын жастардың да саны артып келеді. Бұрын аудан біріншілігін оңай ұтып жүрген ойыншыларға мықты қарсылық танытатын жас тоғызқұмалақшылар шығып жатыр. Әсіресе, Жамбыл негізгі мектебі мен Егіндібұлақ ауылының оқушыларының өнері қуантады, — дейді балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Сүйініш Ұмбаев.

Қызықты өткен тоғызқұмалақшылар жарысының қорытындысында жалпыкомандалық ІІІ орынға Киров негізгі мектебінің командасы жайғасса, ІІ орынды Егіндібұлақ, ал І орынды Жамбыл негізгі мектебінің командасы жеңіп алды.

Болашақта жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен аудан құрамасы жасақталып, облыс чемпионатында бақ сынайтын болады.

 

Түгелбай БИСЕН