19.10.2018, 13:11
Қараулар: 370
Сенаторлар ауданда болды

Сенаторлар ауданда болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова, Нариман Төреғалиев пен Ерболат Мұқаев Зеленов ауданында болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын қарапайым халыққа түсіндіріп, онда айтылған басты міндеттерді бірге талқылау мақсатында келген қонақтар алдымен аудан орталығындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі әлеуметтік-медициналық мекемесіне бас сұғып, қариялар мен кейуаналардың жағдайымен танысты. Одан соң аудандық тарихи-өлкетану музейінле сенаторлар аудан тарихына қатысты материалдарға қанығып, музей жұмысына оң бағасын берді.


Сондай-ақ «Sayat» этно-туристік орталығында болған халық қалаулылары спортшылар, аудан жастары және ұстаздармен кездесті.

Жиын барысында Бірғаным Әйтімова Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттермен қатар, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында болатын өзгерістер жайлы баяндады. Елбасының білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша берген тапсырмаларын орындау және тұрғын үй сапасы мен оған қол жеткізу мүмкіндіктері, басқа да игіліктерді іске асыру үшін жасалуы тиіс жұмыстар жайын да айтып өтті.

Халық қалаулыларына өз ұсынысын айтқан аудандық жас туристер стансасының директоры Галина Терехова Елбасы тапсырған «Педогог мәртебесі туралы» заң жобасын ұстаздар қауымы қуанышпен қабыл алғанын айтып, қосымша білім беру педогогтарына да көңіл бөлу керектігін алға тартты.

Галина Алексеевнаның ұсынысын қуаттай түскен Бірғаным Сарықызы:

-Елбасы ұстаздар қауымының еңбегін өте жоғары бағалайды. Қазір ел мұғалімдерінің мойнына жүктелген міндеттердің де көп екенін біліп отыр. Сондықтан, болашақта аталған заң жобасын қабылдамақпыз. Ұстаздардың жүктемесі азайып, қосымша жұмыстардан да босатылатын болады. Біз ел ішін аралаудағы мақсатымыз да азаматтарымыздың ұсыныстарын біліп, халық жағдайымен танысу,-деді.

Жиын соңында депутаттар  «Sayat» этно-туристік орталығы спортшыларының өнерін тамашалады.

Түгелбай Бисен