12.10.2018, 19:29
Қараулар: 405
«Zelenov INVEST-2018». Кәсіпкерлік көкжиегі кеңімек

«Zelenov INVEST-2018». Кәсіпкерлік көкжиегі кеңімек

Ауданымызға қарасты Дариян ауылдық округінде «Zelenov INVEST-2018» инвестициялық форумы өтті. Мәдениет үйінде өткен шараға облысымыздың бір топ лауазымды тұлғалары, Ақтөбе облысы Қобда және Мұғалжар аудандарының әкімдері мен кәсіпкерлері, Атырау облысы Жылыой ауданының, көршілес Ресей Федерациясының және ауданымыздың кәсіпкерлері қатысты.


  Аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған топ алдымен аудан кәсіпкерлерінің көрмесін тамашалап, олар өндіретін бұйымдармен танысты.

Мәдениет үйінің залында өткен форум ауданның тыныс-тіршілігін баяндайтын бейнекөрсетіліммен басталды.

— Баршаңызға мәлім Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында кәсіпкерлікті дамытуда барынша жағдай жасау туралы айтып келеді. Бұл биылғы Жолдауында да көрініс тауып, Үкіметке кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бірі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының ұзартылуы кәсіпкерлеріміздің қолжетімді несие алуына мол мүмкіндік беріп отыр. Бизнестің кеңеюі жергілікті атқарушы билік үшін үлкен қолдау. Себебі жұмыссыздық мәселесі шешілері анық. Бүгінгі басқосу тауарөндірушілермен ақылдаса отырып, болашаққа жоспар құру, — деді форум модераторы, аудан әкімі Асхат Берлешұлы.

— Бүгінгі таңда ауданымызда 3327 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға өскен. Олардың 3098-і белсенді жұмыс жасауда.

Шағын бизнес субъектілерінің артуы жұмыс пен қызмет көрсету санының және өндіріс көлемінің өсуіне ықпал етіп отыр. Ағымдағы жылы өндірілген өнім көлемі 8,3 млрд. теңге.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 48 млрд. 113 млн. теңгені құрады.

Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуде. Соның бірі — «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында бұл бағдарламаның 2025 жылға дейін ұзартылатындығын айтқан болатын. Бұл өз кезегінде бизнес-құрылымдардың одан әрі дамуына мүмкіндік бермек.


Аталған бағдарлама басталғаннан бері 21,3 млрд. теңгеден астам сомаға 109 инвестициялық жоба жүзеге асырылды және қаржыландырылды. Оның ішінде 2017 жылы тек 4,5 млрд. теңгеден астам қаржыға 29 жоба, биылғы жылы — 173,1 млн. теңгеге 3 жоба жүзеге асырылды және қаржыландырылды, — деді Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов.

Аудан басшысы орынбасарының айтуынша, индустрияландыру картасы бағдарламасы аясында 62,6 млрд. теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба қамтылып, 556 тұрақты жұмыс орны құрылды. Олар «Батыс-Пауэер» ЖШС-ның газ турбиналық электр станциясы жоба құны 17,1 млрд. теңге, «Жайық ЕТ» ЖШС құс фабрикасының құрылысы жоба құны 4,2 млрд. теңге, «Белес-Агро» ЖШС диірмен кешенін салу жоба құны 1,5 млрд. теңге және т.б. қамтылды.

— «Бастау-бизнес» жобасы аясында 479 жоба 1 млрд. 700 мың теңгеге қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығын дамыту қашанда стратегиялық маңызға ие екендігі өздеріңізге мәлім. Сондықтан 89 пайыз қаржы агроөнеркәсіптік кешенге, ал 30 пайызы «start up» жобасына жұмсалды. «start up» арқылы адам өз кәсібін аша алады. Зеленов ауданы кәсіпкерлікті дамытуда еліміз бойынша алдыңғы орында, — деді Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Иденов.

— Біз сіздердің аудандарыңызда шағын және орта бизнесті дамытуда көптеген іргелі істердің атқарылып жатырғандығын көрдік. Тауарөндірушілердің кәсіптерімен таныстық. Біздің ауданда да кәсіпкерлікті дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен алдағы уақытта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыстанатын боламыз деген ойдамын. Ол ойымызды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлеріміз бен мамандарымызды да осы жиынға арнайы алып келдік, — деді Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет.

Форум соңында еліміздің көршілес облыстарынан келген меймандармен кәсіпкерлікті дамытуға байланысты бірқатар меморандумға қол қойылды.

 

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ

 

 

Жанерке АЛИПОВА,

Переметный ауылының тұрғыны, «Алипова» ЖК иесі:


 — Кәсібімді 2017 жылдың наурызында аштым. Жаңадан ашқан соң тауарларымды тұтынушылар облыс деңгейінде болып отыр. Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Алдағы уақытта несие алып, кәсібімді үлкейтсем бе деген ниеттемін.  Мәселен, елімізбен көршілес Ресей Федерациясына шығаруды мақсат етіп қойып отырмын. Әзірге осы қолөнер бұйымдарын үйде жасап жүрмін.


Жадыра БИСЕНОВА.

Достық ауылының тұрғыны, «Жадыра» ЖК иесі:


 — Бұл кәсіп мен үшін бала кезден хоббиім болатын. Бүгінгі таңда да жаныма жақын кәсібімді тастаған емеспін. Өзім мұғаліммін. Жасаған бұйымдарымды дүкен сөрелеріне шығарамын. Биылғы жылы ашылғандықтан болар, негізінен тұтынушыларым әзірге туыстарым. Жекелеген тапсырыс берушілер де бар. Көбіне ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасаймын. Бағасын жұмсаған материалдарына байланысты қоямын. Тұмар мен қыз баланың шаш қыстырғышына тапсырыстар көп түседі.

 

«Бизнестің жол картасы - 2020»

Басқа да мақалалар