12.10.2018, 12:11
Қараулар: 136
Аудан орталығында жәрменке өтті

Аудан орталығында жәрменке өтті

Таң сәріден Переметный ауылындағы мәдениет үйінің алдындағы алаң көлікке толды. Бұл алдын ала хабарланған ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрменкесіне келген көліктер еді. Көп ұзамай алаңға  тұрғындар да ағылды.


Ауданға қарасты округтерде кәсібін дөңгелеткен шаруа қожалықтары мен жеке кәсіп иелері қазанның салқынына қарамай алып келген өнімдерін жайма базар алаңына жайып тастады. Жәрменкеде ұсынылған азық-түлік бағасы базардағыдан 20-40 пайызға төмен болды.

Арзан да сапалы өнім қараша жұрттың қалтасын ортайтпай, қоржынын қомпайтты. Ашық аспан астына жайылған базарда кәсіп иелері сойып алып келген қойдың етін де ұсынды. Көкке тойған, семіз қой көпшілікті қызықтырмай қоймады. Күздікке ет іздеген ағайын қой етін мүшелеп те толықғымен де алып жатты.

 Бұдан бөлек, қызанақ пен қырыққабат, пияз бен картоптың да саудасы қызды.

Мал мен құс ұстаған ағайын аудан шаруалары арзан бағаға ұсынған жемді де ән сағатта тауысты.

Аудан орталығына шалғай жерден артынып-тартынып өнімін алып келген шаруалар жәрменке ұйымдастырушыларына дән риза. Делдалсыз отандық өнімді алып, сапалы азық-түлікке қарық болған переметныйлықтар да дастарханы мен қоймаларының толтырғандай.

Жәрменке ұйымдастырған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының айтуынша жәрменкеге өлкеде кәсібін дөңгелетіп отырған 15 ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары мен кәсіп иелері келген. Алдағы уақытта ауа-рай қолайлы боп жатырса, осындай жәрменкені тағы өткізу жоспарларында бар екен.

Түгелбай Бисен