10.10.2018, 10:18
Қараулар: 126
«Салтанат» би ансамблінің тартуы (фото)

«Салтанат» би ансамблінің тартуы (фото)

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» орденінің Кавалері, бас балетмейстер  Г.Орумбаева  жетекшілік ететін «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ауданымыздағы көрерменіне биден шашу шашты.


Мәдениет үйінде концертін берген би ұжымының өнерін тамашалауға аудан орталығы мен алыс-жақын ауылдардан келген көрермен көп болды.

Қазақстанда ғана емес, біраз шет елдеріне де танымал би ансамбль бишілерінің орындау шеберлігі мен сахнадағы жүріс-тұрысы өнерсүйер ағайынды таң тамаша етті.

Қазақ, орыс, украин, сыған, молдаван және тағы да басқа елдердің ұлттық билері мен түрлі хореографиялық қойылымдарды ұсынған өнер ұжымының әр бишісіне деген көрермен ықыласы ерекше болды.

Аудан жұртына би өнерінің бүкіл сиқыры мен ерекшелігін ұсынған бишілер концертінің соңында аудан әкімінің орынбасары К. Тұрлыбеков:

-Би өнері адамдардың қоршаған орта мен еңбек процесінен және басқа да іс әрекеттерден алған әсерін түрлі әдемі қимыл қозғалыспен жеткізетін құралы. Бүгін ауданымызға келген «Салтанат» би ансамблінің өнерпаздары сол бір сиқырға толы қимылдарды шебер меңгергенін көрсете алды. Жиналған ағайынға рухани азық сыйлаған би ұжымына шексіз алғысымды жеткізгім келеді,-деп аудан әкімі Асхат Шахаровтың атынан ықылас гүлі мен ансамбль жетекшісіне алғыс хат ұсынды.

Түгелбай Бисен