9.10.2018, 16:03
Қараулар: 585
Қоғамдық кеңес отырысы өтті

Қоғамдық кеңес отырысы өтті

Аудан әкімдігінің «Ақжайық» мәжіліс залында қоғамдық кеңес отырысы өтті. Аталған отырысқа кеңес мүшелері мен жекелеген ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде аудандағы атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі мен әдеп нормаларын сақтау мәселесі қаралды.


-Ағымдағы жылдың 3-27 сәуір аралығында «Адал жол-Честный путь» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон жиырма екі ауылдық округте өткізіліп, оған екі мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар «Таза қол-Чистые руки» жол картасымен қабылданған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша ауданда 4278 жадынама, 248 плакат таратылды, — деді баяндама жасаған аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің бас инспекторы Ахмет Ихсанғали.

Бас инспектордың айтуынша, бүгінде аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсында сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы парақша ашылып, бейнероликтер, хабарламар, және жадынамалар орнату тұрақты жүзеге асуда.

Дариян ауылдық округінде бас маманға әдеп кодексінің нормаларын сақтамауға байланысты ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бұл туралы округ әкімі Болат Ерболатов мәлімдеді.

Отырыс соңында қатысушылар әдеп нормаларын сақтауға байланысты өз пікірлерін ортаға салды.

Нұрлыбек Мұхамбетияров