5.10.2018, 16:57
Қараулар: 619
Футболды дамытудың зеленовтық үлгісі

Футболды дамытудың зеленовтық үлгісі

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында бұқаралық спорт және дене шынықтыруды дамыту мәселесі ұлт саулығын қамтамасыз ететіндігін айтып, 2020 жылға қарай спорпен тұрақты шұғылданушылар санын 30 пайызға жеткізу керектігін тапсырған болатын. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта нағыз бұқаралық сипатқа ие спорт түрі футбол болып отыр. Оны жасы да, жасамысы да ойнайды. Жыл санап аяқдопқа құмартқан жастар саны да артып келеді.  


Спорттың осы бір түрі Зеленов ауданында жақсы жолға қойылған. Өткен ғасырда ауданның «Колос» футбол командасы облыс чемпионы атанғандығы бүгінге дейін жергілікті футболсүйер қауымның аузында. Одан кейін ғасыр басында Тараз қаласында өткен «Былғары доп» республикалық жарысында Александр Субботин баптаған жергілікті балалар командасының күміс алғаны тағы бар. Соңғы жылдары «Шаңырақ-Дос» әуесқой футбол клубы да жақсы нәтижелерімен қуантып жүр. Осының барлығы жас көпшіліктің футболға деген қызығушылығын оятып отыр.

Осы ретте елішілік жарыста жүлде салған Сергей Любавин мен «Шаңырақ-Дос» футбол командасының белді ойыншысы Асхат Мәжит аудан балаларын фуболға баулып, бар білгендерін үйретіп жүр.

Жаттықтырушы Асхат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет атқарса, Сергей аудан орталығынан «Лидер» атты жеке футбол мектебіне жетекшілік етеді. Өрендердің спортқа деген қызығушылықтарының басымдығынан болар, екі бапкердің де топтары толық. Әрине, екі бапкер бір-біріне бәсекелес дей алмаймыз, өйткені бірі үлкен топ, екіншісі кіші топ аяқдопшыларын дайындайды.


Асхат баптайтын үлкен топта отыз жиырмадан астам бала жаттығады. Жарыстарға да шығып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік бар.

Ал, Сергейдің жеке футбол мектебіне келушілер екі топқа бөлінген. Барлық бала саны 30-дан асып жығылады. Жаттығулары былтыр пайдалануға берілген аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтеді. Ата-аналар өз қалтасынан қаражат шығарып отырғандықтан балаларының жаттығуына қатысып, қадағалап та отырады. Сегей басшылық ететін футбол мектебінде Айдос Қарсақов, Алексей Салкин сияқты ауданға танымал футболшылар мен бапкерлер қызмет атқарады. «Лидер» футбол мектебінің жаттығуына бара қалсаңыз, құдды бір ресми ойын тамашалап отырғандай әсерде боласыз. Жас ойыншылар ата-аналары алдында жасық көрінгісі келмеген соң барын сала ойнап, жас боолса да жаттығуға үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Сөз жоқ, ата-аналар да осындай футбол мектебінің ашылғандығына дән риза. Өз ұлын Сергей мен оның баперлерінің қарамағына берген переметныйлық Данияр Дүйсалиев:

— Жалпы ата-ана ретінде айтар болсам, мұндай мектептің ашылғаны көңіл қуантады. Спорт мектептерінде балаларды 9-10 жастан қабылдайды. Тек спорттық гимнастикаға ғана кішкене жастан алады. Менің ұлым небәрі төрт жаста. Сондықтан футболға бердім. Ол жерде өзі қатарлас балалармен бірге ойнайды, жүгіреді.

Қазіргі заман балаларының әдетіне айналған смартфоннан алшақтайды. Оның үстіне жаттықтырушылар арнайы бағдарлама бойынша балалармен жеке дара жұмыстанады. Тактика мен физикалық күшке ғана басымдық бермей, психологиялық тұрғыда да дайындайды. Сол себепті футбол мектептерінің көп болғаны жақсы, — дейді.

         Бір сөзбен айтар болсақ, футболшы дайындау жұмысы қыза бастады. Десе де қоғамда жеке мектеп, балабақша болсын, жалпы жеке атауы бар нәрсенің барлығы құр ақша жасау мақсатында жасалады деген қағида қалыптасқан. Футбол мектептеріне де осы бір желеу тағылып жүргендігін жоққа шығара алмаймыз. Расымен де, ата-ана тарапынан үйірмеге қаражат төленіп отыр. Ол қаражат-шығындар қажеттіліктерге жұмсалатындығын түсінген абзал. Жаттығу өткізетін алаңдар мен арнайы залды жалға алып отырған «Лидер» мектебі кішкене балаларға арналған допты, фишкалар мен басқа да жаттығуға қажетті спорттық құрал-жабдықтарды өз қаражаттарына сатып алады.

         Жаттығулар аптасына үш рет өтеді. Балалар соңғы айда екі бірдей жарысқа қатысып, шеберліктерін шыңдады. Бұл да бір жақсылықтың нышаны. Өйткені жаттығудан үйренгенін балалар жарыста жүзеге асырулары керек.

Аудан балаларын футболға баулып жүрген жеке мектеп өз алдына аудан футболын дамытсам деген үлкен мақсат қойған. Және де табанды жолдан тайынбай, еңбек етуге дайын Сергейдің мектебінен футбол әліппесін ашқан жеткіншектер өсе келе аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасына өтіп, жаттығуын жалғастырады. Былайша айтқанда, шағын футбол пирамидасы қалыптасып, бір жүйе пайда болды.

Көпшілікте «неге бірден арнайы мектепке бара салмайды?» деген ой туындауы мүмкін. Оның жауабы төмендегіше.

Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі футбол секциясына 9-10 жасқа келген балаларды қабылдайды. Ал, «Лидер» футбол мектебіне балалар 4-5 жастан қабылданады. Бұл дегеніңіз, жасөспірімдер футболына аяқ астынан келіп ойыншы қосылмайды деген сөз. Бұл мектептің тиімді тұстары сан алуан. Мысалы, 10 жасында спорт мектебіне келген түйедей балаға футбол әліппесін жаңадан ашқызғаннан гөрі 4 жасынан арнайы секцияда тәлім алып, аяқдоптың не екенін біліп келген балаға үйреткен әлдеқайда оңайырақ болады. Допты тоқтату мен тебуді алаңда қозғалуды меңгенген баланың қабілетіне қарай тактикалық жүрістерді үйретіп, физикалық жағынан шыңдай түссеңіз болғаны, нәтиже болады. Осыны түсінген Сергей мен Асхат тығыз байланыста жұмыс жасауды бастап та кетті.

Ел футболының сәтсіз тұстарының басты салдарын айтқанда, балалар футболының дұрыс жолға қойылмағандығын алға тартамыз. Балаларды осы бір спор түріне тартып, аяқдопты дамытудың шағын үлгісін қалыптастырып келе жатқан зеленовтық жаттықтырушылардың еңбегі орасаң.

Түгелбай БИСЕН