5.10.2018, 16:36
Қараулар: 368
Жыл соңына дейін тиімді нәтижесін береді

Жыл соңына дейін тиімді нәтижесін береді

Елбасының биылғы жолдауы негізінен қоғамның қазіргі мәселесін қозғауымен ерекшеленді. Халықтың білім беру мен денсаулық сақтау саласының жұмыс сапасына көңілі толмайтындығын алға тартқан Елбасы Н.Назарбаев өзге де салаларға қатысты қордаланған мәселелерді өткір көтерді. Маңызды салалардағы әкімшілік кедергілерді болдырмау мақсатында бірқатар бақылаулардың азаюы немесе жылдап тексеруге мораторий жариялануы салдарынан сапаның мүлдем төмендеп кеткені, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалардың алға баспауы, шағын кәсіпкерліктің кең өріс алмауы, бөлінген бюджет қаржысының мақсатты игерілмеуі, нәтижесіз жиналыстардың тым көптігі, құқық қорғау жүйесінің қожырауы және сот жүйесіндегі реформаның бәсең жүруі Елбасы ерекше тоқталған өзекті мәселелер. Жағдайды сапырма цифрға қарап емес, шынайы бағамдап отырған ел Президенті іс басындағы азаматтарға аталмыш келеңсіздіктерді жойып, жаңаша дамыту туралы ұсыныс түсірулерін қадап айтты. Меніңше бұл алда үлкен кадрлық өзгерістер күтіп тұрғандығын аңғартады. Жолдаудың жаңалығы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдауды ұсыну мен келер жылдың жастарға арналуы дер едім. Баспана мәселесін қаузайтын «7-20-25» бағдарламасын жүйелі іске асыруды облыс басшыларына тікелей тапсыруы бұл бағыттағы іске тың серпін береді деп ойлаймын. Жолдау міндеттері тіпті ағымдағы жылдың соңына дейін тиімді нәтижесін береді деп сенемін.

Н.Дүзбатыр,

Аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі