5.10.2018, 15:58
Қараулар: 5
Елбасы Жолдауын қуаттайды

Елбасы Жолдауын қуаттайды

Аудан әкімдігінің «Шаңырақ» мәжіліс залында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын зеленовтықтар ықыласпен тыңдады.


«Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін, мәнісін, Отанымызды өркендету жолындағы олардың маңызын жіті түсінуі тиіс. Оны біз жеткізе білуіміз керек. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымызды ортақ мақсатқа жұмылдыру аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болды. Қоғамдағы жаңғыру үрдістеріне тың серпін берді. Оған қосымша «Бес әлеуметті бастаманы» айттық. Бұл бастаманы ары қарай жалғастырып қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен, жаңа бағыттармен кеңейтуіміз қажет», — деді Президент халыққа арнаған Жолдауында.

Елбасы Жолдауына байланысты тікелей көрсетілімге аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған лауазымды тұлғалар, мекеме-кәсіпорын басшылары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, ауылдық округ әкімдері, жастар белсенділері, қоғамдық ұйым өкілдері т.б. қатысты.

Елбасы Жолдауынан соң аудан басшысы Асхат Берлешұлы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының басым бағыттарына тоқталып, тұрғындар әл-ауқатын жақсартуға байланысты тапсырылған міндет-жоспарларға орай жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.

 

Ертай БИМҰХАНОВ


Серік САФИУЛЛИН,

аудандық білім бөлімінің басшысы

 -Бүгін Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жолдады.

Аталған Жолдауда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту қажеттігін атап өткен-ді. Бұл – біз үшін игілікті іс. Өйткені мектептерді күрделі және ағымды жөндеуге қаражаттар бөлініп, іргелі істердің жалғасын табуы көңіл қуантады.

Сонымен қатар төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру туралы да атап өтті. Бұл өз кезегінде аз мөлшерде жалақы алатын қарапайым қызметкерлер үшін тиімді деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Жолдауындағы «Тұрмыс сапасын арттыру» бөлігінде алдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдау қажеттігін де баса айтты. Бұл заңның қабылдануы, әсіресе, ұстаздар қауымы үшін тиімді болмақ.


 

Манарбек ӘЖКЕНОВ,

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы


Елбасы Н.Назарбаев дәстүрлі Жолдауында алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл дегеніміз Мемлекет басшысының жастарға үлкен сенім артуы. Тек сенім ғана емес, жауапкершілік пен міндеттер жүктеуде. «Жастар жылының» жариялануы өз кезегінде жастарға мол мүмкіндіктер береді.

Біз жастарымыздың бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған көптеген жоба-жоспарларымызды одан әрі дамытып, жүзеге асыратын боламыз. Бұл игі істер келер және одан кейінгі жылдары да өз жалғасын табатын болады.

«Рухани жаңғыру», «Бес әлеуметтік бастама», «Болашақ» және «Серпін» сынды көптеген бағдарламалар мен жобаларды жастарға әлі де болса, кеңінен түсіндіру қажет.

Бұдан бөлек, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты бүгінгі Жолдауды жастарға насихаттап, түсіндіру жұмыстарыжүргізілуі керек.