3.10.2018, 11:34
Қараулар: 383
Сырымдық өрендер жеңімпаз атанды

Сырымдық өрендер жеңімпаз атанды

Аудан орталығында аудан атын алты қырдан асырған футболшы А.Терехов пен спорт ардагері, талай өренді футбол өнеріне баулыған бапкер А.Любавинді еске алуға арналған шағын футбол жарысы өтті.


Орал қаласы мен алыс-жақын аудандардан және Ақтөбе қаласынан келген 12 команданың басы қосылған жарыстың ашылу салтанатында А.Тереховтың әкесі Г.Терехов пен А.Любавиннің ұлы С.Любавиндер жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған жас аяқдопшылар жарысының қорытындысында ІІІ орын Орал қаласынан келген Ақжайық командасының бірінші құрамына бұйырса, ІІ орынды Ақжайық командасының екінші құрамы еншіледі. Ал бас жүлдені Сырым ауданының командасы қанжығасына басты.

Сондай-ақ командасын алға сүйреп, көрермен көңілінен шығар ойын көрсете білеген зеленовтық Данияр Жұмианиязов «Үздік жартылай қорғаушы», теректілік Арсен Мануков «Үздік шабуылшы», сырымдық Әскер Наурызбаев «Үздік қақпашы», Оралдан келген Теміржан Мурзағалиев «Үздік қорғаушы» атанса, тағы бір оралдық өрен Рахым Тұрдалиев турнирдің «Үздік ойыншысы» аталымына қол жеткізді.

Бұдан бөлек ең көп гол соққан Ақжайық командасының ойыншысы Мирлан Ғабдолла жарыстың сұрмергеніне берілер арнайы жүлдені ұтып алды.

Жарыс жеңімпаз-жүлдегерлеріне мақтау қағаздары, медальдар табыс етілді.

 

Түгелбай БИСЕН