2.10.2018, 14:31
Қараулар: 9
Өлкетанушылар сайысы қорытындыланды

Өлкетанушылар сайысы қорытындыланды

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше айға созылған «Туған жер – тұнған шежіре» өлкетанулық-интеллектуалды сайысы қорытындыланды.


Бес кезеңнен тұрған сайыстың алғашқы кезеңі тарих, әдебиет, өнер, танымал тұлғалар бөлімдерін қамтыды.

«Тапқыр болсаң, талас жоқ», «Қара жәшік» құпиясы кезеңдерінде өлкеден шыққан елге елеулі тұлғалардың еңбектері, кәсіптерінен нәсібесін тауып, бүгінде халық тұтынып отырған ауыл кәсіпкерлерінің өнімдері сұрақ ретінде жасырылып, қатысушылардың біліктіліктері сыналды.

Шараның өткізілу барысында оқырмандар бейне-сұрақтары жолданып, жауап берумен қатар тарихи атаулардың шығу тарихына таңданыстарын да білдіріп жатты.

Үй тапсырмасы «Мен өз өлкеммен мақтанамын» тақырыбына әр топ арнайы дайындалған бейнебаяндарын ұсынды.

Қатысушы ұжымдар бірі сұраққа ұтымды жауап берсе, бірі дайындалған бейнебаяндарымен жанкүйерлер қошеметіне бөленді.

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасына, І орынды Зеленов аудандық ішкі саясат бөлімі, ІІ орынды Қ.Аманжолов ЖОББМ, ІІІ орынды Переметный  ауылдық округі әкімшілігі аппараты ұжымдары иеленді.

 

Ертай БИМҰХАНОВ