19.09.2018, 10:23
Қараулар: 110
Ауданда халықаралық жастар лагері бастау алды

Ауданда халықаралық жастар лагері бастау алды

Ауданда «Достықтың туын тіккен – Қазақстан» атты Қазақстан және Ресей мемлекеттері шекаралас аудандарының халықаралық жастар лагері бастау алды. Көрші елден келген қонақтарды «Менің елім» монументі жанынан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Манарбек Әжкенов күтіп алды.


 — Біздің ауданымызға қош келдіңіздер. Аудан Ресейдің бес облысымен шекаралас орналасқан. Күн өткен сайын аудан орталығы көркейіп келеді. Соның айқын айғағы – алдарыңыздағы «Менің елім» монументі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бой көтерген монументтің биіктігі 14 метр.  Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен тұрғызылған монумент басына еркіндік қыраны – бүркіттің мүсіні қойылған, — деді Манарбек Малкенжарұлы.

Бұдан кейін меймандар аудан орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен аудандық тарихи-өлкетану музейі сынды бірқатар нысандарда болды.

Айта кету керек, 18 бен 35 жас аралығын қамтыған жастар лагеріне Самара, Саратов және Орынбор облыстарының жастары қатысуы керек болатын. Алайда үш күнге созылатын шараға соңғы аталған облыстың жастары белгісіз себептермен келе алмады.

Нұрлыбек ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ