19.09.2018, 10:13
Қараулар: 610
Қос арудың қоласы

Қос арудың қоласы

Жуырда Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында жасөспірім ұл-қыздар арасында самбодан ел біріншілігі өтті.


Жеңімпаздар әлем біріншілігіне баратын болғандықтан бұл жарысқа еліміздің барлық облыстарынан кілең үздік самбошылар жиналды.

Байрақты бәсекеде өңір намысын қорғаған жерлес өрендер жасықтық танытпады.

Жарыстың бірінші күні 60 келі салмақта боз кілемге шыққан Эльнара Биғалиева жартылай финалға дейін алқынбай жеткенімен ақтық сынға берілер жолдама үшін болған кездесуде қарсыласына есе жіберіп алды. Дегенмен қола медаль үшін болған бәсекеде жинақылық танытып, ІІІ орынды қанжығасына басты.

Ақсай боз кілемін тағы бір бұрымды самбошымыз Диляра Құлымбетова да жатсынбады. 70 келі салмақ дәрежесінде белдескен Диляра да қола жүлде еншіледі.

Қыздарды күреске баулып, білгенін үйретіп жүрген жас бапкер Наурызбек Сәпиев:

— Қыздарымның нәтижелері көңілімнен шықты. Бәсеке өте жоғары болатын ел біріншілігінде жүлде салу — үлкен жетістік. Бірақ, бүгінгі қола алдағы уақытта қоржынға түсер алдын медальдардың бастауы болады, — дейді.

 

Түгелбай БИСЕН