18.09.2018, 12:09
Қараулар: 137
Кітапхана тылы оқырман қажеттілігі үшін…

Кітапхана тылы оқырман қажеттілігі үшін…

Кітапханаға дегенде адамның көзіне бірден қаз-қатар тізілген кітаптар мен жанары мейірімге толы, сұрағаныңды ән сағатта тауып беретін күлімкөз кітапханашы келеді. Ал сол бір кітапхана жүйесінің бар ауыртпашылығын арқалап, көзге көрінбейтін қыруар жұмысты атқарып отырған жинақтау және толықтыру бөлімінің жұмысымен бір сәтке танысқан жанның кітапханашыға деген құрметі арта түсері хақ.


 Кітапханаға келіп түскен кітапты тасудан бастап, оны жүйелеп жазуға дейінгі барлық жұмыс бөлім меңгерушісі Неводова Ольга мен Ишкулова Людмила, Тайлақова Гүлнара, Бөкеева Кәрима және Мұқанова Маржан сияқты нәзік жанды кітапханашылардың мойнында.

– Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қарамағында 52 кітапхана бар. Бұрынырақта 56 кітапхана болған. Түрлі себептермен қысқартылған кітапханалардың қоры басқа ауылдарға ауысты. Ол дегеніміз – жоқ дегенде, 30 мың кітап. Барлығының арнайы нөмірі бойынша іріктеп, әрқайсын жаңа кітапханаға аманаттау біздің мойнымызда, — дейді жинақтау және толықтыру бөлімінің меңгерушісі Ольга Неводова.

Биылдың өзінде Карпов ауылы кітапханасын Шалғайға, Чапурин ауылындағы кітапхананы Погодаевқа көшірген. Красный Орал ауылындағы қорды Чувашкаға, Балабановтағы кітаптарды Чировқа, Жаңатаң кітапханасын Щаповқа көшіру жоспарланған.


Бүгінде бөлім қызметкерлері аталмыш елді мекендердегі кітаптарды қайта есепке алып, әрқайсысын қажетті бөлімдерге бөлу, есептен шығару, жоғалған әдебиеттердің орнын толықтыру сияқты үлкен жұмысты бастағалы отыр. Бұған биыл орталыққа келіп түскен 6574 кітапты реттеу жұмыстарын қосыңыз. Бұл жұмысты тез арада аяқтау шарт. Әйтпесе, күн санап түсіп жатқан жаңа әдебиеттер оқырманға уақтылы жетпей қалуы мүмкін.

Өз ісінің шеберлері болғандықтан бөлім қызметкерлері жұмыстарының ауыр еместігін айтады. Бұл әсте олай емес. Кітапханалар жүйесінің барлық филиалдарына берілген нөмірді жатқа айтатын қызметкерлер күніне мыңдаған кітап оқып, оны класификациялайды. Ол дегеніміз – өнер, білім, көркем әдебиет, қоғамдық-саяси әдебиет, балалар әдебиеті, ғылыми кітап, спорт сияқты арнайы бөлімдерге іріктеп, әрқайсына ширф беру. Бұны кітапханалық библиографиялық жүйелеу деп атайды. Одан соң әр ауылға бөлу бар. Кейде 52 кітапханаға 30 не одан да аз әдебиет түседі. Осы кезде әр ауыл кітапханасына арнап жазылған дәптер ашылып, қажетті нөмір арқылы белгілі бір әдебиет қай ауылға қажет екендігі анықталуы керек болады. Шыдамдылықты қажет ететін жұмыс бұл. Екінің бірі алып кете алмайды.

Келген дүниені бөліп беру оңай шаруа болып көрінер, бәлкім?!.. Бірақ, кітапханаға келген әдебиеттерді бөлу дегеніміз – қиынның қиыны.

— Екі аудан қосылған соң кітапханалар да көбейді. Округ орталықтарында өз алдына, елді мекендерде де кітапхана бар. Әрқайсының оқырман санын білу маңызды. Өйткені әдебиет жеткіліксіз болып түскен жағдайда алдымен үлкен ауылдарға, кейін оқырманы көп кітапханаларға бөлеміз. Оларда болған жағдайда қажеттілігі барларға таратамыз,-деп жұмысының тағы бір қырын түсіндіреді Ольга Петрқызы. Жұмыстың бұл қыры кешегінің билеріне тән әділдік. Өйткені кітап барлығына қажет, барлығының оқырманы бар. Жан-жағыңнан жаңа әдебиеттердің керектігін айтып кітапханашылар сұрау салғанда әрқайсына жағдайды түсіндіріп, қай жерге шынымен керектігін жеткізу қара қылды қақ жарған шешімді сөз пен әрекетті талап етеді.


Бұл бөлім кітап өз алдына, ауданға келіп түскен мерзімді басылымдарды реттеп отырумен деайналысады. Аудандық, облыстық басылымдардан бөлек, республикалық және алыс-жақын шетелден келген газет-жорналдарға жазылушылардың да тізімін жасақтаған бөлімдегілер барлық ауылдар мен елді мекен тұрғындарының газет-жорналға жазылғандығын толыққанды біледі.

Бүгінде кітапхана қызметінің жұмысы өзгеріп, жаңаша сипатқа еніп жатқандығынан көзі қарақты оқырман хабардар. Біраз кітапхана жұмысын негізінен көңіл көтерер шараларға аудару үстінде.

Оқырман түгілі, кейбір кітапханашылардың өзі түсіне бермейтін жұмысты атқаратын бөлімдегі кітап сөрелерінде әр ауылға деп іріктелген кітаптар қаз-қатар қойылған.

Бұл бөлімге округтерден келген кітапханашы өзіне қажетті құжатқа қол қояды да кітапты алып кетеді арқаланып. Ал, осы бір буылып-түйілген кітаптарға реттік нөмір салу, әр кітапханаға қажетінше кітап бөлу қаншалықты табандылық пен шыдамдылық қажет етті десеңізші?!..

Міне, осылайша оқырманға жеткенге дейін әр кітап бірнеше сұрыптаудан өтеді. Ғылыми жұмыстан кем түспейтін істі атқарып жүрген бөлім қызметкерлерінің көзге көріне бермейтін ісі нарға артылар жүктің ең кіші бөлігіндей.

 

Түгелбай БИСЕН

БІЗДІҢ АУЫЛ ОСЫНДАЙ!

Басқа да мақалалар