18.09.2018, 11:52
Қараулар: 113
Трекин және Достық ауылдарында жаңа мектептер салынбақ

Трекин және Достық ауылдарында жаңа мектептер салынбақ

Қыркүйектің 17-сі күні аудан әкімдігінің баспасөз қызметінде алғаш болып, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин баяндама жасап, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

 — 2018-2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аудандық білім жүйесінде 8 мемлекеттік балабақша, 46 күндізгі және бір кешкі мектеп бар. Сондай-ақ ауданымызда 4 қосымша білім беру ұйымы мен 4 жеке балабақша жұмыс жасайды. Жоғарыда аталған мектептердің 13-і мектеп-балабақша кешені, енді бірі Дариян мектеп-гимназия интернаты. Бұл мектептерде үстіміздегі оқу жылында 1-11 сыныптарда 8179 оқушы білім алуда. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда 1769 бүлдіршін, жеке балабақшада 256 бала бар, — деді Серік Нәженұлы.

Аудандық білім беру бөлімі басшысының айтуынша, ауданымызда 1541 педагог болса, 2016 жылдан бері олардың 1253-і жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша курстан өткен. Сонымен қатар биылғы оқу жылында 50-дей жас маман жұмысқа орналасты.

— Бізде жекелеген білім ордаларына күрделі жөндеу өткізу, жаңа мектептер салу сынды мәселелер бар. Төрт мектепті күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бір елді мекенге келер жылы жаңа мектеп салу жоспарлануда. Сондай-ақ Трекин және Достық елді мекендерінде жаңа білім ошақтарын салу жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысына жобалық-сметалық құжаттарды жасауға тапсырма берілді, — деді аудандық білім беру бөлімінің басшысы.


 

Ажар ХАМИТОВА,

«ТДК-42» телеарнасының тілшісі:

 — Бірінші сауалым Зеленов ауданындағы «Пчела Мая» жекеменшік балабақшасының қожайыны демеуқаржы бөлу мәселесін көтерген болатын. Менің білгім келгені аталмыш кәсіпкердің жеке балабақшаға қаржы беру мәселесі шешімін тапты ма?

Екінші сауалым, Зеленов ауданының орталығына жақын орналасқан Полевное ауылының 7-8 оқушысы Переметный ауылындағы мектептерге қатынап оқиды. Бұл мәселені ата-аналар көтерген болатын. Осы жөнінде білгім келеді.


Серік Сафиуллин,

Зеленов аудандық білім беру бөлімінің басшысы:


 — Бірінші сауалыңыз бойынша атап өтейін. Мемлекеттік тапсырыс деген түсінік бар. Жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалардың жан басына шаққанда мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат. Ол бір кездері бір балаға 19587 теңге болса, бүгінгі таңда оны есептеу әдісі өзгеріп, 29800 теңге көлеміне жетті. Сіз айтып өткен мәселені аудан бюджетінен қаржыландыру қиын. Жоғарыда жеке төрт балабақшаға 256 бала баратынын айттым. Ол дегеніміз – шамамен 100 000 000 теңге қаржыны қажет етеді. Бұл мәселені ҚР Парламентінің депутаттарына да жеткізген болатынбыз. Облыстық бюджетке сұраныс бердік. Қазіргі таңда қаражат түскен жоқ, бірақ уәде берді. Жалпы, қаржы бөлініп жатса, жыл соңына дейін, яки қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айларында 4 балабақшаны қаржыландыратын боламыз.

Екінші, шынымен де, Полевное елді мекенінен 8 бала Переметный ауылындағы қазақ және орыс мектептеріне қатынап оқиды. Аудан орталығында үш мектеп бар. Соның бірі Камен жалпы орта білім беретін мектебі. Оның жанында 30 орынға арналған интернат орналасқан. Біз ата-аналарға балаларын сол интернатқа жатқызып оқуға ұсыныс бердік. Алайда олар бұл ұсынысты қабылдамай, балаларын сабаққа көлікпен әкеліп, кері әкетіп жүр. Жалпы, заң тұрғысынан алғанда, жергілікті атқару органдары, яки аудандық білім беру бөлімі, әкімдік елді мекенде мектеп болмаған жағдайда және ол елді мекен үш шақырымнан алыс тұрған жағдайда не баланы тасиды, не интернатпен қамтамасыз етеді. Біз интернатпен қамтамасыз еткеннен кейін баланы тасымауға құқымыз бар. Бірақ Элеватор бағытынан келетін балалармен бірге тасуға қосымша бензин бөлінді. Қазір сонымен қатынап жүр.


 

Еркебұлан Смадияров,

«Aqjaıyq» телеарнасының тілшісі:

 — Мектептерге «Дипломмен ауылға» және «Серпін» бағдарламалары аясында келіп жатқан жас мамандарға қандай жағдайлар жасалуда?

Екінші, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерде музей жасақтау мәселесі туралы айтып өтсеңіз.


 

Серік Сафиуллин,

Зеленов аудандық білім беру бөлімінің басшысы:


 «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша несие алудың ережелері бар. Мәселен, осы аудандағы бір мектептен екінші мектепке ауысса, аталмыш бағдарламаға қатыса алмайды. Қала немесе басқа ауданнан келсе, қатыса алады. Өзге аудандарға қарағанда, бізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көп мөлшерде несие бөлінеді. Алайда осы несие бойынша ауданда 76 мұғалімнің қарызы бар. Жалпы, бұл бағдарлама әлі де жүріп жатыр. Біздің ауданымыз бүгінгі таңда шамамен 9-10 млн. теңгедей қарыз. Егер қарыз болса, бізге бөлінер қаржының көлемі де төмендей бермек. «Серпін» бағдарламасы бойынша бір ғана мұғалім өтті. Бағдарлама бойынша кейбір елді мекенде кезек тез келсе, енді бірінде бір-екі жылда келеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш мектепте музей бар. Олар  — Егіндібұлақ, аудан орталығындағындағы Қ.Аманжолов атындағы мектептері. Аталмыш білім ордаларындағы музейлер бүгінгі таңда жәдігерлермен толықтырылды. Кейбір мектептер бұл жұмысты енді қолға алуды жоспарлап отыр. Соның бірі – Озерное ауылындағы Киров мектебі. Мұнда жәдігерлер толық жинақталды, жыл соңына қарай ашу жоспарлануда.


 

Ертай БИМҰХАНОВ,

«Жайық Пресс» ЖШС Зеленов филиалының директор-редакторы:

 — Біздің ауданда мемлекеттік тілде білім беретін білім ошақтарының санын арттыру жоспарда бар ма?


 

Серік Сафиуллин,

Зеленов аудандық білім беру бөлімінің басшысы:


 — Елді мекендерге мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектептер салу қажеттілікке байланысты. Бізде жеті қазақ, тоғыз орыс, жиырма тоғыз аралас мектеп бар. Орыс тілінде білім беретін мектептер шағын мектептер. Мәселен, Краснов №3 бастауыш мектебінде небәрі 8 бала оқиды. Онда бала саны аз, әрі тұрғындары орыс ұлтының өкілдері болғандықтан екі класс ашуға мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар Өркен ауылындағы тұрғындар негізінен қазақтар болғандықтан, онда мемлекеттік тілде білім беретін оқу ордасы бар. Ондағы өзге ұлт өкілдері де осы білім ошағында оқиды. Трекин ауылында екі тілде оқытатын мектеп бар. Бүгінгі күні бұл ауылдағы қазақ тілінде білім беретін мектепте орын тар. Сондықтан, жоғарыда айтып өткенімдей, аудан әкімінің ұсынысымен Трекин және Достық ауылдарында мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектеп салуға құрылыс бөліміне тапсырма берілді.

Нұрлыбек Қыдырғалиұлы