18.09.2018, 9:33
Қараулар: 99
Бруцелездің ушығуына не себеп?

Бруцелездің ушығуына не себеп?

Ауданда бруцелезге шалдыққан мал саны артып отыр. Биылғы жылдың 8 айының өзінде  605 бас мүйізді ірі қара мен 33 бас ұсақ малдың ауруға шалдыққандығы белгілі болды. Бұл туралы аудандық ветеринарлық станция директоры Ринат Ескендіров мәлімдеді.


 Ауданның бас ветеринарының айтуынша, биылғы көрсеткіш жылдағыдан әлдеқайда жоғары. Мысалы, 2016 жылы бруцелез 421 бас ірі қарадан анықталған болса, 2017 жылы бұл ауруға 610 бас шалдыққан.

Бүгінгі таңда ең көп мал ауруы анықталған ауыл – Янайкин. Ауылдың 194 бас ірі қарасы бруцелезге шалдыққан. Одан кейінгі Железнов ауылдық округінде 106 бас мал науқас болып шықса, көңілге онша жаға қоймайтын статистиканың үштігін 57 бас малы ауру екендігі анықталған Көшім мен Махамбет ауылдары түйіндеп отыр.

Міне, осы бір кұрделі мәселені талқылаған жиын Янайкин ауылында өтті. Оған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-нің биотехнология лабораториясының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров, аудандық ветеринарлық станция директоры Ринат Ескендіров, аудандық аумақтық ветеринарлық инспекция басшысы Жұмабек Уталимов, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқамасының өкілдері мен ветеринар дәрігерлер, ауыл тұрғындары қатысты.



Бұрын-соңды болмаған бруцелез ауруы анықталған ауыл тұрғындарына мамандар аурудың осыншалық көп болуының негізгі себептерін түсіндірді. Арнайы мамандардың айтуынша, малдың қараусыз қалуы мен бақылаусыз көшіп-қонуы, кей ауыл тұрғындары көрші аудандар мен басқа елді мекендерден сатып алған малдарын уақытында арнайы орындарға хабарламай, міндетті ветеринарлық-профилактикалық шараларды өткізбей, бағымға қосуы бруцелездің өршуіне себеп болады. Ветеринарлық талаптар бойынша сырттан келген мал міндетті түрде тексеріліп, барлық құжаттары реттелуі тиіс.

Сондай-ақ мал ауруы анықталған мал иелерінің қора-қопсыларына санитарлық-механикалық тазарту жұмыстарының жүргізілмеуі мен сиыр малының іш тастағанын жасыру фактілері де аурудың ушығуына себеп болады. Осының барлығын айтып түсіндірген ветеринарлар ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Ауылдағы мал дәрігерінің аз екендігін алға тартқан тұрғындар мал ауруын анықтайтын, қайта қан алу шараларының тегін жүргізілуін сұрады.

Негізінен алғанда күнкөрісін мал шаруашылығымен байланыстыратын ауылда екі мыңнан астам ірі қара бар. Оның барлығын тексеріп, қанын алу екі мал дәрігерінің мойнында. Бұл расымен де аздық етеді. Дегенмен, кейбір тұрғындардың санитарлық тазалыққа немқұрайлы қарайтындығы да бар. Мысалы, ауру шыққан аула иелері науқас малынан құтылған соң міндетті түрде жүргізілуі керек дезинфекция жұмыстарының қажет екендігін ескере бермейді. Сондай-ақ өз міндеттерін атқаруға келген мал дәрігерлерін ауласына кіргізбей, қан тапсырудан бас тартып жүрген тұрғындар да кездеседі. Бұл азаматтар Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес ветеринар мамандардың қызметтік міндеттерін орындау барысына қолдау көрсетпей, кедергі келтіргендері үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу қарастырылғанын ескеруі тиіс. Бұл жайт қайталанған жағдайда айыппұл 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды.

Жиын соңында профессор Ғайса Ғарапұлы жиналғандарға бруцелез ауруын дер кезінде анықтамау салдары мен оның алдын алмаудың қандай да бір кеселге алып келетіндігі жайында бейнекөрсетілімдер көрсетіп, тұрғындарды мал ауруына немқұрайлы қарамауға шақырды.

«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді». Сондықтан ауру одан әрі ушықпасын десек, қажетті ветеринарлық іс-шараларды өткізуден бас тартпай, жауапкершілігімізге алған малымыздың саулығын да ойлаған жөн.

 

Түгелбай БИСЕН