17.09.2018, 17:16
Қараулар: 22
Баспасөз орталығы ашылды

Баспасөз орталығы ашылды

Ауданда баспасөз орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Манарбек Ажкенов және де облыстық, аудандық деңгейдегі БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен ақпарат алаңында жиналған журналистерді орталықтың ашылу салтанатымен аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков құттықтады.

— Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы міндеттерді орындау, мемлекеттік ақпараттық саясатты дамыту, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында тығыз байланыс орнату мақсатында аудан әкімдігі жанынан Ақпарат орталығы ашылып отыр.

Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуді көздейтін бес институттық реформаның бір бағыты – «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталады.

Ауданымызда БАҚ-пен өзара байланыс деңгейі әлі де болса жетілдіре түсуді талап етеді. Атап айтқанда, бұқараға көкейкесті ақпарат баспасөз құралдарына уақытылы жете бермейді. Мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері арасында түсінбестік деректері де ұшырасады. Кейбір жағдайда мемлекеттік органдардың өз қызметі туралы ақпарат таратудағы деңгейі жеткіліксіз, техникалық базасы әлсіз.

Ашылғалы отырған орталық осы бір олқылықтардың орнын толтырып, билік пен БАҚ өкілдерінің мемлекеттік органдардан еркін ақпарат алуына жағдай жасайды, — дейді аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тастанұлы.

Айта кету керек, жаңадан ашылған ақпарат орталығы жаңа медиалық саясат шеңберінде жүзеге асып, мемлекеттік орган мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайтуға, биліктің халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шараларының орындалу барысы жөнінде ақпар тарататын ашық алаң болып қалыптаспақ.

Ертай БИМҰХАНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар