11.09.2018, 15:06
Қараулар: 390
Жергілікті волейболшылары «Грацияда» жаттығады

Жергілікті волейболшылары «Грацияда» жаттығады

Елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге  танымал «Грация» волейбол клубы ауданымызда өз бөлмішесін ашты.


 Салтанатты түрде ұйымдастырылған шараға «Грация» волейбол клубының директоры Көлеңке Ғұбашев, спорт ардагерлері Иван Юнусов пен Алексей Понамарев, мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ауыл жастарының волейболға деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат етіп қойған волейбол клубының директоры Көлеңке Ғұбашев:

-Ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Еліміздің болашағы – дені сау, білімді ұрпақ. Жастарды спортқа баулып, ел намысын қорғайтын атлеттерді тәрбиелеу – біздің клубтың негізгі ұстанымы,- деп жиналғандары волейбол үйірмесіне шақырды.

Спорт ардагерлері Иван Леонидұлы мен Алексей Викторұлы да жаңадан ашылған клубтың жұмысына сәттілік тіледі.

Жастарды волейбол ойнауға шақырған шара соңында клуб тәрбиеленушілері жиналғандарға волейбол ойынының қызықты элементтері мен әдемі соққыларын көрсетіп, өзара жолдастық кездесу өткізді.


-Бұрын «Грация» волейбол клубынан тәрбие алсам деген деген талантты спортшылар облыс орталығына келулері керек болатұғын. Енді волейбол үйренуші зеленовтық қыздарға тамаша мүмкіндік туып отыр. Облыс аудандарындағы алғашқы бөлмішемізді Переметныйда аштық. Болашақта ауданның ірі-ірі ауылдарымен қатар басқа да аудандарда да осындай бөлмішелеріміз болса дейміз, — деді клуб директоры Көлеңке Ғұбашев.

Волейболшылардың жаттығуы аптасына үш рет өтетін болады. Әр жаттығуды Орал қаласынан келген «Грация» клубының бапкерлері жүргізеді. Сондай-ақ клуб жетекшілері жергілікті бапкерлерге де көмек көрсетуге дайын.

Өткен ғасырдың соңғы жылында ашылған іргелі клубта волейбол әліппесін үйреніп, спортқа бет бұрған талай қыз осы күні еліміздің әр жастағы құрамасында ойнап жүр. Бір кездері «Грацияны» алға сүйреген Сана Анарқұлова, Айнагүл Айжарықова, Зарина Сейітқазинова сынды ойыншылар бас командамыздың белді ойыншылары болып үлгерді. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер құрамасына шықырту алғандар да жетерлік.

Міне, осындай танымал волейбол клубының бөлмішесі ауданда ашылуы өңір әуе добының дамуына үлкен сеп болары анық.

Түгелбай БИСЕН