10.09.2018, 12:35
Қараулар: 12
Сабантой – тұтастық тұғыры

Сабантой – тұтастық тұғыры

Қыркүйектің 8-і күні облыс орталығында қала күніне орайластырылған дәстүр және сабантой мейрамдары өтті. Аталмыш шараларға облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миниханов қатысты.


Алдымен сөз алған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы Татарстан Президенті Рустам Нұрғалиұлына Ақ Жайық жеріне қош келдіңіз айтып, ынтымағы жарасқан ел бірлігі жайында атап өтті.

— Біз көпұлтты мемлекетпіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шешімімен Қазақстан Республикасының Ассамблеясы құрылды. Елімізде ынтымағы мен береке-бірлігі жарасқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Соның ішінде 87-сі біздің өңірде жарасымды тірлік етуде. Барлығымыз бір шаңырақ астында бір отбасының баласындай өмір сүріп келеміз. Ең бастысы бізде татулық пен тұрақтылық, ұлттар арасындағы достық бар.  Сондықтан біз осы Орал шаһарының мерекесіне орай кең көлемде сабантой мерекесін өткізудеміз. Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі.


— Құрметті Ақ Жайық өңірінің жұрты біз қала күні мерекесіне орай осы жерге табан тірегенімізге қуаныштымыз. Осындай керемет күнде, жақсы мейрамда өзіміздің ұлттық мерекеміз – сабантойды өткізгенімізге шын көңілден ризашылығымды білдіремін.

Сабантой – дәстүрлі түрде өткізілетін мереке. Біз сіздердің бүгінгі мереке арқылы бізде бар мәдениетті көріп отырғандарыңызға бек сенімдімін. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы — қоңсы қонған көпұлтты мемлекеттер. Жаңа ғана көптеген ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, олардың мәдениеті мен әдебиетін дәріптеуге мүмкіндік беретін ғимаратты көрдік. Мұндай мүмкіндік Ресей құрамындағы біздің елде де жасалған. Мен татар мен қазақ ұлтының бір-біріне жақын жандар екенін білемін. Бізді мәдениет, әдебиет және тағы да басқа көптеген байланыстар біріктіреді, — деді Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миниханов.

Бұдан кейін меймандар спорттық сайысты тамашалап, сабантой мерекесіне арналып қойылған бұйымдарды тамашалады.

 

Нұрлыбек Мұхамбетияров