10.09.2018, 11:46
Қараулар: 98
Мәдениет саласының жұмыстары сараланды

Мәдениет саласының жұмыстары сараланды

Таяуда аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі А.Шахаровтың қатысуымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің есепті жиыны өтті. Оған аталмыш салада еселі еңбек етіп жүрген сала мамандары қатысты.


— Ел егемендігін алғалы бері барлық сала қарқынды даму үстінде. Ауданымызда да алған асулар мен бағындырған белестер жетерлік. Бұл үрдіс әлі де болса өз жалғасын табады. Осы салалардың ішінде мәдениет пен спорт саласы да кенже қалмауы тиіс. Біз бүгінгі жиында өңірдегі мәдениет пен спорт саласы бойынша сегіз ай бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, алда тұрған міндеттерді нақтылайтын боламыз. Сонымен қатар бұл жиында күрмеуі күрделі мәселелерді деп ортаға салуымыз қажет, — деді жиынды жүргізген аудан басшысы Асхат Берлешұлы.

         — Ауданымызда 36 мәдениет ошағы бар. Олардың 8-і бейімделген ғимаратта, ал қалған 28-і типтік ғимаратта орналасқан. Биыл 30 мәдениет ошақ газбен, ал 6 мәдениет ошағы қатты отынмен жылытылатын болады. Аудан өнерпаздары талай байқауларда жүлдегер де атанды. Алайда күрмеуі күрделі мәселелер де жоқ емес,. Мәселен, Зеленов ауданы Ресей Федерациясымен шекаралас болғандықтан, көптеген іс-шаралар мен кездесулер ауданымыздың үлкен мәдениет ошақтарында ұйымдастырылып тұрады. Алайда сол клубтардың ғимараттарына бүгінгі таңда заман талабына сай жөндеу, сахна киімдері, музыкалық аппаратуралар қажет етеді. Күрделі жөндеуді қажет ететін нысандар — Егіндібұлақ, Володар, Трекин, Махамбет ауылдық клубтары.


Бұдан бөлек, Достық, Щапов және Макаров елді мекендерінде мәдениет ошақтарының ғимараттары жоқ, — деді аудандық мәдени демалыс орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Намазова.

Ал өз кезегінде баяндама жасаған Зеленов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева аудандағы кітапханалар жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Жеңісгүл Қалиқызының айтуынша, аудандық кітапханаларда телефон желісі болмағандықтан, интернет желісі де болмай отырған көрінеді. Халық саны 500-ден асатын 28 кітапханаға интернет желісін тарттыру тағы да басқа қызметтерді қоса есептегенде әр кітапханаға 10 миллион теңге көлемінде қаражат қажет етіледі екен.

  • Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген жақсы тәмсіл бар. Біз бүгінгі жиынды күрмеуі күрделі мәселелерді ортаға салу үшін жиналып отырмыз. Кейбір ауылдарда мәдени ошақтардың жоқтығынан да хабарымыз бар. Мәселен, менің әріптестерім таяуда Щапов ауылында болып, оған көз жеткізді. Бұл мәселелер алдағы уақыттарда оң шешіледі деген сенімдемін. Сондай-ақ интернет желісін тарту мәселесін де қажетті деңгейде шешетін боламыз. Әрине, біз замана көшінен қалмауымыз қажет, — деді Асхат Берлешұлы.

Жиын барысында сан-салалы көкейкесті сұрақтар қойылып, оған толымды жауаптар берілді. Мәселен, келешекте кітапханаларды заманауи жабдықтармен жабдықтап, оқырман үшін толық жағдай жасау қажеттілігі айтылды.

Аудан басшысы ол үшін еліміздің бас қаласы Астана және Алматы қалалары мен Ресейдің Мәскеу қаласына іссапарлар ұйымдастырып, арнайы маман жіберуді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  басшысы Радик Ихласовқа жүктеді.

Сонымен қатар бұл жиында спорт саласы бойынша атқарылып жатырған жұмыстар да назардан тыс қалған емес.

 

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ