7.09.2018, 16:44
Қараулар: 616
«Мен музыканы сүйемін!» декоративті композициясы ашылды

«Мен музыканы сүйемін!» декоративті композициясы ашылды

«Музыка ұлтқа бөлінбейді». Біз кез келген елдің музыкасына құдды бір ана тілімізде тыңдап отырғандай құмарта құлақ тосамыз. Ондағы тылсым күш жүрек түкпіріне терең бойлап, саз сиқырына қалай арбалып қалғаныңды сезбей қаласың. Музыка жан-дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін дәл басады. Әсем әуен ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгеді.

Осынау құдіретті музыка өнерін құдіретін жас ұрпаққа ұғындырушы ұлағат ұясында ашылған «Мен музыканы сүйемін!» атты декоративті композициясы әсемдігімен алыстан көз тартады…

Өскелең ұрпақты әлем халықтарына ортақ тіл музыканы сүюге, өнерді қадір тұтуға шақырар декоративті композицияның ашылу салтанатында сөз алған Зеленов аудандық балалар саз мектебінің директоры Ләззат Қажығалиева ұжым табыстары мен жетістіктерін мақтанышпен жеткізді.


Композицияның ашылу рәсімін саз мектебінің ардагерлері Раиса Вахрушева мен Жәния Абдулова жүргізді.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Переметный ауылдық округінің әкімі Бекзат Бадақов музыка өнерінің құдіреттілігіне тоқталса, Переметный ауылдық округінің қоғамдық келісім төрағасы Николай Анпроцевич жүрекжарды өлеңін оқып берді.

– Аудан орталығында орын тепкен балалар саз мектебі биылғы жаңа оқу жылын 150-ден астам оқушымен бастап отыр.

Мектепте домбыра, фортепиано, қобыз, прима, дәстүрлі ән т.б. сыныптарына қоса, таңдау пәндері де жүреді.

Бізден тәлім алған өрендердің көбісі Астана, Алматы қалаларына табысты еңбек етуде. Біз әркез ардагерлеріміз бен шәкірттерімізді мақтан етеміз! – дейді ұлағат ұясының басшысы Ләззат Майданқызы.

Мерекелік шарада «Гүлдер» би ансамблі, оқытушы Гүлжанат Тілекқабыл, жас өнерпаз Аянат Тоғызбай, «Елмұрат» вокалды тобы өнер көрсетті.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген

Түгелбай БИСЕН

Түсініктеме

Ләззат Қажығалиева:

Ваш комментарий ожидает проверки.

Мақала өте тартымды да мазмұнды жазылған. Аудандық балалар саз мектебі ұжымының қуанышын жүрекжарды лебіздермен жеткізгенсіз. Мен музыканы сүйемін композициясының ұрпақ тәрбиесіне қызмет ете беретініне сенімім мол. Үлкен рахмет, Ертай Сағындықұлы!