6.09.2018, 17:12
Қараулар: 659
Тұранның тәтті қияры-ай

Тұранның тәтті қияры-ай

Басшылықтан осы жолдардың авторы менімен бірге жүргізуші Мейірман екеуімізге «Трекин ауылына іссапарға барып, материал дайындап қайтасыңдар» деген тапсырма түскеннен кейін асай-мүсейімізді арқалап жолға шықтық. Астымызда аппақ Ресейден шығарылған «Нива» автокөлігі. Журналистің тапсырма алғаннан кейін ойының сан-саққа жүгіретіні анық қой. Менің басым да дәл сондай ойға толы болатын…


Әуелден осы бір кәсіпкер туралы қалам тербесем деген ой бар-тұғын. Сол оймен жүйткіген көлігімізбен ауыл шетіндегі жылыжайға кеп табан тіредік. Ол — Тұран Қажмұхамбетовтің жылыжайы. Алдымыздан құрақ ұша қарсы алған жігіт ағасы Төкең әп-дегеннен жұмысын жылыжай ішін аралап көрсетуден бастады.

Жалпы кәсіп қыламын деген жанға мемлекет тарапынан қашанда қолдау болары ақиқат. Әр өңірде қажетті кәсіп көзін тауып, нәсіп етіп жүрген жандар жетерлік. Сол қажетті кәсіптің бірі – жер баптап, жемісін көрген бағбаншының еншісінде.

Көпшілігіміз бау-бақша салып, көкөніс егу мамыражай жадыраған жаздың күнінде ғана жүзеге асатындығын білеміз. Ал бұрын жылыжай ашып, сол көкөністі қысты күні де егіп, кәсібін дөңгелеткендерді қалалық  жерлерден байқағанымыз болмаса, аудан-ауылдардан кездестірмеген-ек. Өйткені бұл қомақты қаржыға тіреледі. Мұндай сыннан белді бекем буып, тәуекел еткен адамның ғана өтері бесенеден белгілі.


Сырым ауданы Абай ауылының тумасы Төкең бүгінде Трекин ауылы маңынан жылыжай ашып, ел алғысына бөленуде. Алғашқы алған өнімі әрісі облысымызға қарасты аудан-ауылдар мен берісі қаламызда сатылып жатыр.

-1992 жылы әскерден келгенімде ел іші алай-дүлей. Кеткенімде КСРО еді. Кері оралғанымда кеңестік кезең келмеске кетіп, ел егемендігін алып, тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан шағы болатын. Ол кез ешкімге оңай болған жоқ. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, кей тепсе темір үзер азаматтарымыз базар жағалап, нәпақа тауып жүрді. Жөні түзу жұмыс таба алмай басында мен де сандалдым. Пәтер жалдау, азық-түлік дегендей, барлығы оңайға соққан жоқ. Кейін біраз кәсіптің басын шала жүріп өзіме тәжірибе жинақтадым, сөйтіп көптен бергі алға қойған мақсатым баспанаға қол жеткіздім, — деді кәсіпкер артта қалған қиын кездерін еске алып…

Бүгінгі таңда кәсіп ашқан жанды мемлекеттіміздің елеусіз қалдырмайтыны қайсар мінезді жігіттің көкейінде үміт отын тұтатқандай. Ол кәсіп ашуды әуелден ойластырғанымен, қаржы-қаражатқа келгенде қиналатын. Қазақта «Іздегенге – сұраған» деген тәмсіл бар. Жоғарыда көрсетілер көмек Тұранның өз кәсібін ашуға мол мүмкіндік берді

-Ой-өз алдына, іске асыру — бір бөлек. Өңірде дамыған кәсіпкерліктің басқа салаларын саралай келе жылыжай ашу керек деген тоқтамға келдім. Бес жыл бойы жылыжай ісін түбегейлі зерттеп көрдім. Жыл он екі ай бақша егу технологиясын меңгердім. Ал қажетті сомаға несие рәсімдеу кезінде құжаттар жинақтауда қиындықтар кездесті. Жерді рәсімдеп, бизнес жоспарымды тапсырған соң «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қомақты қаржыға қол жеткіздім,- дейді Тұран Махпозұлы.

Жылына екі рет өнім беретін жылыжай иесі қияр егуді толық меңгерген. Ақпан айында отырғызылатын өнім ерте көктемде саттыққа шығарылады. Айналасы ат шаптырым болатын үш жылыжайдан шыққан өнімге сұраныс та көп.

Жылыжай ісін жылжытуды бір кісідей меңгерсе де, жігіт ағасы болдым-толдым демей, білім-біліктілігі мен тәжірибесін одан әрі жетілдіруден еш танған емес. Бұл тұрғыда бұрыннан бақша егудің қыр-сырын жетік меңгерген жерлесі, махамбеттік Еркін Насыровпен ақылдасып, қала берді өзбек, қырғызағайындармен тәжірибе алмасып тұрады.

-Адам үйренуден, артық білім алудан қашпауы керек. Ата-бабаларымыз айтып кеткен білімдінің заманы келді. Сондықтан, кәсіпкер де білімге құмар болуы керек деп ойлаймын. Өзім қашанда білуге, білгенімді үйретуге әзірмін. Жуырда Мәскеу қаласында тұратын Владимир Цой атты профессорға кәсібімді көрсетіп, кеңес алдым.

Бірде аудандық жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз жерлестерімнің тізімін берді. Сол азаматтарға жұмыс ұсына бардым. Басым көпшілігі бас тартқанымен, бірлі-жарым азаматтар жұмыс жасауға келісім берді, — деп қалды Төкең жай ғана жымиып.

Жылыжайды аралап жүріп, бағбандықтың тынымсыз еңбекті қажет ететінін ұқтық. Әсіресе, қияр баптаудың оңай жұмыс емес екен. Мәселен, жылына екі рет жылыжай ішіндегі топырағын шығару, төбесін ашып жабу біраз еңбек пен маңдай терді талап етеді. Егілген соң әр түпке судың баруы мен жылыжай ішінің температурасын қадағалауға қаншама күш кетерін екінің бірі біле бермейді. Бұған бөлек дайын өнімді жинау деген тағы бар.

Тысқа шыққан бізге Төкең сонадайда тұрған үйді көрсетіп; «Қарамағымдағы жұмысшыларға арнап салған баспана» деді.

Баспанасы басында, қызметі қасындағы қызметшілердің алатын айлығы да мардымды.

Негізгі мақсат бітіп, көлікке отырғанымызда мені «Шеттен келген өнімнен гөрі, еш қоспасыз өсірілген бақша дақылын тұтынған әлдеқайда тиімді емес пе еді?» деген ой мазалады да тұрды.

 

Түгелбай Бисен