4.09.2018, 15:14
Қараулар: 572
Жетістігі мол ауыл мектебі

Жетістігі мол ауыл мектебі

1 қыркүйек – Білім күніне орай Дос­тық ауылдық округіндегі Достық жалпы орта білім беретін мектебінде «Сыңғырла, алғашқы қоңырау!» атты салтанатты жиын өтті. Оқушылардың бұл мерекелік салтанатына «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай мен ауылдық округ әкімі Бейбіт Аманғалиев қатысты.


 Жүздері бал-бұл жанып, алтын ұяларына асыға жеткен оқушылар мектеп ауласына әрең сыйып тұр­ды.

Салтанатты жиынды ашқан мектеп директоры Светлана Голубева Достық мектебі үшін өткен оқу жы­лының өте сәтті болғандығын атап өтті. Оның айтуынша, өткен оқу жылындағы түлектердің 80%-ы еліміздегі ЖОО-ға мемлекеттік бі­лім гранттарын жеңіп алған. Атап айтқанда, түлектердің алды еліміздегі маңдайалды Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтпаев атын­дағы Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университеті, сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясының Самара ауыл шаруашылығы ака­демиясы мен С.Королева атын­дағы Самара Ұлттық зерттеу университетінде тегін білім алуға мүм­кіндік алған. Бұл – кішкен­тай ауыл мектебі үшін өте зор же­тістік.

Сонымен қатар өткен оқу жы­лында мектептің жүздеген оқу­шы­сы облыстық, республикалық және халықаралық білім, өнер байқаулары мен спорт додала­рының жеңімпазы атанып, тек мек­теп, ауыл ғана емес, бүтін бір ауданның, облыстың мерейін асырған. Тағы бір ерекше атап өтерлігі – осыдан 5 жыл бұрын облысымызда тұңғыш болып Дос­тық мектебінде «Отбасылық ка­бинет» ашылған. Жас отбасылар­мен жұмыс жасайтын бұл әлеу­меттік кабинеттің де жетістігі ауыз толтырып айтуға тұрарлық.


Оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтаған ауыл­дық округ әкімі Бейбіт Аман­ғалиев олардың білім сапарына сәттілік тіледі.

Облыстан келген құрметті қо­нақ, белгілі журналист, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мық­тыбай Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасына» тоқта­лып, елімізде білім саласында ат­қарылып жатқан игі істерді атап өтті.

– Бүгінде Елбасы тапсырмасы­на сәйкес, еліміздің барлық мек­тептері орта білім берудің жа­ңар­тылған мазмұнына көшуді баста­ды. Бұл – мүлде жаңа бағдар­ла­малар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Еліміздің болаша­ғы – бүгінгі мектеп қабырғасын­да жүрген оқушылардың қолын­да, ал сол оқушылардың бола­ша­ғы – ұстаздардың қолында екен­дігі ақиқат. Сондықтан да мектеп атты ұлы кемемен білім теңі­зіне шыққалы тұрған сапарлары­ңызға ақ жол тілеймін! Ауылдың кішкентай ғана мектебінің өткен оқу жылында қол жеткізген толағай табыстары осы оқу жылында көбейе түседі деп сенемін! – деді Нұрсұлтан Ертуғанұлы.

Қазіргі таңда 540 оқушыға ар­налған Достық орта мектебінде 821 шәкірт білім алуда. Бұдан бөлек, 102 оқушы білім әлеміне алғашқы қадамдарын аттады. Мек­тепте барлығы 87 ұстаз еңбек ете­ді. Олардың 15-і – жоғарғы, 31-і – І санатты мұғалімдер. Мектеп түлектері де жоғарғы оқу орнын аяқтап, маман атанғаннан кейін өздері қанаттанған алтын ұя мектептеріне қайта оралып, еңбек етуде.

Өткен оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалі­мі Ернарын Ғиылманов ұстаздық қызметке кіріссе, биылғы жаңа оқу жылында информатика пәні­­нің мұғалімі Дария Құмарова ал­ғашқы ең­бек жолын бастап отыр.

Жасыратыны жоқ, бүгінде көп жылдардан бері күрделі жөндеу көрмей, ескіріп, материалдық-техникалық жағдайы мәз болмаса да, Достық мектебі білім көшінен еш қалған емес. Осылайша, жетістігі мол ауыл мектебі жаңа оқу жылын жаңашылдықпен қарсы алып отыр.

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Достық ауылы