1.09.2018, 13:28
Қараулар: 145
Жаңа мектеп ашылды

Жаңа мектеп ашылды

 

Білім күні мерекесімен тұспа-тұс Дариян ауылында жаңа мектеп-гимназия интернаты оқушыларға есігін айқара ашты.


300 орынға шақталған жаңа білім ордасының құрылысы былтыр мамыр айында басталып, биылғы оқу жылы қарсаңында пайдаланылуға берілді. Ұлттық қордан бөлінген 1,1 миллиард теңгеге салынған мектепте білім алуға қажеттінің барлығы бар. Әсіресе жаңа үлгідегі ІТ сыныбы мен 100 орынға шақталған интернат және қажетті құралдармен жабдықталған 2 шеберханасы барлық талаптарға сай. Дарияндықтарға үлкен қуаныш сыйлаған білім ордасының құрылысын «Отдел Строй» ЖШС жүргізді.

Жаңа мектеп-гиназия-интернатының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Асхат Шахаров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин, «ОтделСтрой» ЖШС бас инженері Дмитрий Силькин және ауыл тұрғындары қатысты.


Алдымен жиналғандарды Білім күні мерекесімен құттықтаған аудан басшысы Асхат Берлешұлы:

— Мектептің ашылуы — біз үшін үлкен мереке. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында еліміздің түкпір-түкпірінде осындай мектептер ашылып жатыр. Бұл дегеніміз — ел болашағы саналатын жатсарымыздың сапалы білім алуына берілген үлкен мүмкіндік.

Елбасымыздың білім саласын дамытуға барлық мүмкіншілік жасап жатырғандығы баршаңызға мәлім. Елбасымыз бүгінгі бала —  еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің басты байлығы әрі тірегі екендігін әрдайым айтып отырады.

Бүгінде аспанымыз ашық, еліміз тыныш, саясатымыз салиқалы болашағымыз жарқын.  Сондықтан, білім алуға берілген мүмкіндікті пайдаланып, ел дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер! — деп жиналғандарды Білім күні мерекесімен құттықтап, ата-аналарға сабырлылық, ұстаздарға сәттілік тіледі.

Одан соң мектеп директоры Шолпан Өмірзақова өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, үздік ұстаздар мен үлгілі оқушыларды мақтау қағаздарымен марапаттады.

Мектеп түлектері мен білім ордасының табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіндер жиналғандарға арнаған әндерін шырқап, жаңа мектептің алғашқы қоңырауы соғылған соң «ОтделСтрой» ЖШС бас инженері мектеп директоры Шолпан Жанұзаққызына мектеп кілтін салтанатты түрде табыстады.

Бүтін бір ауылды қуанышқа бөлеген мектептің лентасын ардагер ұстаз Гауһар Әбілбасова мен республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы Данияра Ғалиева қиды.

 

Түгелбай БИСЕН