29.08.2018, 20:28
Қараулар: 10
Конституция күні мерекеленді

Конституция күні мерекеленді

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын Дариян ауылдық мәдениет үйінде оздырылды.


 Алдымен сахна төріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы алдыртылып, Мемлекеттік Гимн шырқалды.

«Ел тілегі, ел тірегі – Ата Заң» атауымен өткен салтанатты шарада аудан халқын мерейлі мерекемен құттықтаған аудан әкімі Асхат Шахаров Ата Заңды құрмет тұту, қастерлеу аясында тереңнен ой қозғады.

Конституция аясында қоғамға қызмет ету, Отанды сүю, достастықты арттыру т.б. мәселелерді жүзеге асыру сынды басты қағидаттар назарға алынды.

– Аз ғана уақыттың ішінде елімізді бүкіл әлем таныды. Біз мықты экономика құрдық. БҰҰ қауіпсіздік кеңесі мүшелігіне ену мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілуі – мұның анық айғағы. Құқықтық саланың дұрыс жолға қойылуы – ел дамуының басты көрсеткіші. Қазақстанның әлемдік экономикалық аренада өзіндік орны бар. Осы ретте ауданда жүзеге асып келе жатырған игілікті істер ел дамуын, тұтастығын көздейді.

Ата Заңымыздың айбынды мерекесі құтты болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! — деді аудан басшысы өз құттықтауында.


Салтанатты шараның марапаттау бөлімінде аудан басшысы Асхат Берлешұлы ауданның дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан бір топ аға буын өкілдеріне «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады.

Ардагерлер атынан сөз алған еңбек ардагері Серік Құлымбетов марапат ұсынып, әркез қолдау білдіріп отыратын аудан басшылығына ризашылығын жеткізді.

Сонымен қатар ауданның қоғамдық-саяси, мәдени өмірінде абырой-беделге ие бір топ ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен сала мамандары аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиналыс аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Мереке аясында күмбірлеген күміс күй, әуезді әуен, әсем әндер барша жиналғандарға шат-шадыман көңіл сыйлады. Әсіресе, «Ақ шағала» әжелер ансамблі, «Шежіре» халықтық фольклорлық ансамблі, аудандағы этномәдени бірлестіктер мүшелерінің сазды бағдарламалары көрерменге ерекше серпін берді.

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Суреттерді түсірген Түгелбай БИСЕН