29.08.2018, 11:11
Қараулар: 8
«Әнім сенсің, Астана!» байқауы өтті

«Әнім сенсің, Астана!» байқауы өтті

Дариян ауылында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Әнім сенсің, Астана!» атты ән байқауы өтті.


Ел ішінде жүрген талантты жастарды анықтап, үздіктеріне үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік тудыру мақсатында ұйымдастырылған өнер бәйгесіне ауданның бірнеше ауылынан келген әншілер қатысты.

Байқау басында сөз алған аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері А.Намазова:

— Қазақ елі тума таланттардан кенде болмаған. Кең байтақ даламыздың әр түкпірінен әншіні де, биші мен күйшіні де кездестіреміз.

Зеленов топырағында да таланттар бар. Өнерімен ауылын сүйсінткен әншілерді тауып, елге таныту мақсатында осындай байқау өткізіп отырмыз, — деп қатысушыларға сәттілік тіледі.


Екі кезеңнен тұрған әншілер додасының ережесі бойынша әр қатысушы алдымен Астанаға арналған бір әнді, кейін еркін тақырыптағы бір әнді орындауы керек болды.

Ұйымдастырушылар қойған талапты мүлтіксіз орындаған әншілер Дариян аспанын әнге бөлеп, әділ қазылар мен көрермендерді бір серпілтті.

А.Намазова, А.Огородников, Ә.Қадыров сияқты ән өнерінің жілігін шағып, майын ішкен майталмандардың шешімімен өнер додасының ІІІ орынын дарияндық А.Үмбетярова, ІІ орынды Рубежиннен келген М.Наурызалина иеленсе, І орынды янайкиндік Ж.Ілиясова жеңіп алды.

 

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Дариян ауылы