25.08.2018, 17:35
Қараулар: 356
Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті

Тамыздың 25-і күні аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткен кеңеске аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған бір топ лауазымды тұлғалар мен ұстаздар қауымы қатысты.

Жиылғандар алдымен «Жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру жағдайындағы дәстүрлер мен инновациялар» атты бейне материалды тамашалады.

— Құрметті ұстаздар, бүгінгі кеңестің Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткізілмек.

1 қыркүйек әрбір адам үшін ерекше күн болып саналады. Әр жыл сайын айтулы мереке Алғашқы қоңырау салтанаты баршамызды білім ордасына жинайтындығы белгілі.

Алда келе жатқан Білім күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтап, сіздерге зор денсаулық, мол бақыт тілеуге рұқсат етіңіздер.

Біздің балаларымыз білім әлемі атты жаңа да жарқын жолда. Біздің түлектер өздерінің білімдерімен бәсекеге қабілетті болары анық, — деді алдымен сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин.


Өткен оқу жылын саралап, алдағы оқу жылын жоспарлаған шарада сөз алған аудан әкімі Асхат Берлешұлы алдымен ұстаздар қауымын алда келе жатқан мерекемен құттықтады.

— Жыл басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауын жариялап, жетінші бағытын білім саласының дамуына арнады.

ХХІ ғасыр адамының бойында табылуы тиіс дағдылар мен құндылықтарға тоқталып, жаһандану дәуірінде мектептер алдында тұрған міндеттерді айқындап берді.

«Еліміздің басты капиталы – білімді жастар, білімді ұрпақ болашаққа қаланған инвестиция» деген болатын. Бұл дегеніміз – білім саласына назар аударып, жалпы барлық жастағы азаматтардың білім беру жолында өзіміздің  озық жүйемізді құру, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қазіргі уақытта қайта қарау, жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау мақсатында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру, ел азаматтарының болашағы ретінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеру, латын қарпіне көшу, цифрлы білім беруді дамытуға күш салуды тапсырды, — деді аудан басшысы.


         Аудан әкімі Асхат Берлешұлының айтуынша, ауданда басқа салаларға қарағанда, білім саласына мол қаражат, яки 70 пайыздай қаржы бөлініп отыр. Бұл үрдіс болашақта да жалғасын табатын болады.

Шара барысында аудан басшысы сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан бір топ мұғалімдерді арнайы төсбелгілермен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

— Елордасы Астанамыздың 20 жылдығына орай ыңғайластырылған ғимаратта қызмет атқарған мектебіміз биылғы оқу жылында заманауи үлгіде салынған жаңа ғимаратқа көшті. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Жаңа білім ордасы 300 орындық, 100 орындық интернаты да бар. Құрылысын «Отделстрой» ЖШС жүргізді. Бұл мектепте балалардың білім алуына толық жағдай жасалған. Спорт зал, 100 орындық асхана, пән кабинеттері, шеберхана және кітапханамен жабдықталған.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы қолдауымен оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, робототехника, цифрлық технология бағытына оқушылардың қызығушылығын арттыру мақсатында мектебімізде облыс бойынша алғашқы ІТ сыныптың тұсауы кесілді, — деді Дариян мектеп гимназия-интернатының директоры Шолпан Өмірзақова.

Айта кету керек, 1998 жылы ашылып, 200-ден астам түлекті қанаттандырып, шәкірттері білім додаларында жүлдегер атанып жүрген бұл мектеп бұған дейін Дарьинск қазақ мектебі аталып келсе, енді Зеленов ауданы әкімінің ағымдағы жылдың 8 тамыздағы №506 қаулысымен «Дариян мектеп гимназия-интернатф» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы С.Сафиуллин шәкірт тәрбиелеп, оларды білім нәрімен сусындатқан бір топ ұстаздарды ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапаттады.

 

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ

 

 

 

Ақзер ЮРЬЕВА,

Щапов орта жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі, жас маман:

 

 — Мен, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжді бастауыш білім беру мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, тамыз айында Щапов мектебіне жас маман болып жұмысқа тұрдым.

Ағымдағы жылы алғаш еңбек жолымды 1-сыныпқа аяқ басқан бүлдіршіндерге сабақ беруден бастамақпын.

Алға қойған мақсатым – өзімнің жиған білімімді, жаңадан енгізіліп отырған технологияларды меңгере отырып, болашақта ел дамуына үлес қосар саналы ұрпақ дайындау.

Сонымен қатар, алған арнаулы орта білімімді тереңдетіп, жоғары білім алу да ойымда бар.


Жанна ӨТЕБАЕВА,

Переметный жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы:

 

— Мен биылғы жылы 9-сыныпты бітіріп, 10-сыныпқа қадам басқалы отырмын.

Бүгінгі таңда жаңа оқу жылына толыққанды дайынмын. Жалпы, оқу үлгерімім айтар болсам, оқу екпіндісімін.

Жақсы білім алған соң келешекте әскери маман болуды қалаймын. Өйткені бұл мамандық адамдарды тазалық пен тәртіпке үйретеді.


 

 

Ләйлім КАМАШЕВА,

Қ.Ахмиров атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі:

 — Мен, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында жаратылыстану пәндерін үш тілде оқыту бойынша курстан өттім.

Бұл курста физиканы ағылшын тілінде ғана емес, сонымен қатар CLIL технологиясын оқып үйрендім.

CLIL Еуропа елдерінің барлық мектептерінде дерлік қолданылады. Ондағы мақсат – екінші және үшінші тілді пайдалана отырып, пәнді оқыту және пән арқылы тілді оқыту. Яғни, біз жаратылыстану пәндерін ағылшын тілдерінде өткізетін мұғалімдер тек пәнді дәлме-дәл аудара салмай, пәнді және тілді оқытамыз. Айтылуы, жазылуы, оқылуын және тыңдалымын барлығын балаға ұғынықты жеткіземіз. Бұл курстан кейін мектептегі тәжірибе өткізуді мен алғаш терминдерден бастадым. Себебі бұл бірден оқушыларға қиын болары анық еді. Терминдерден бастап қосымша материалдарды, видеоларды ағылшын тілінде және күнделікті қарым-қатынасты ағылшын тілінде өткіздім. Жалпы CLIL технологиясы – өте жақсы бастама.