23.08.2018, 10:28
Қараулар: 391
Алтын дәнді өлкеде – ән самалы

Алтын дәнді өлкеде – ән самалы

 Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Жасай бер, қазақ!» атты ән кеші ауданымызда оздырылды.

 Барша ағайынға ыстық сәлемін ән арқылы жеткізген Ескендір Хасанғалиев алдымен күйсандықта бірнеше ән орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Әсіресе, «Қазақстан», «Ауылды аңсау», «Ауылым-әнім» шығармаларын орындаған әнші-сазгер әндерін көрермен де қосыла орындап отырды.


— Құрметті жерлестер, Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Баршаңызға бақ-береке тілеймін.

Бұл ауданға – алғаш рет келуім. Ұшақтан түскен бойда Сіздерге алып-ұшып жеттім. Ән арқылы жолданар сағынышымды қабыл алыңыздар! – деп елге игі тілегін арнады танымал композитор.

Саз кешінде әнші-сазгердің әндерін облысымызға танымал «Серілер» квартеті, Таңат Жексенбаев, Аягөз Бейісова т.б. әншілер орындап, кеш шырайын аша түсті.

Сазды бағдарламаның бір бөлігінде сахна төрінде әнші-композитор ұлы, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Біржан Хасанғалиевпен бірге «Студенттер жыры», «Аңсағаным», «Ескірмеген махаббат» әндерін ерекше тебіреніспен орындады.

Әнші-композитор өзіне әрқашан қолдау білдіріп жүретін жан жары Дарико Хасанғаливаға арнаған «Әдемі-ау!» әнін көремендердің ыстық ықыласы ырғағында шырқады.

Адам жанына шаттық шуағын төккен кеш белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған автордың «Атамекен» әнімен шарықтау шегіне жетті.

Әсем әндер әуелеген кеш соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров өнер тарланбозына аудан халқы атынан алғыс айтып, иығына шапан жапты.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар