22.08.2018, 9:38
Қараулар: 859
Қадірі асқан Құрбан айт

Қадірі асқан Құрбан айт

Аптаның сейсенбісінде Дариян ауылы орталығындағы мешітке ауыл тұрғындары жиылып, Құрбан айт мерекесін қарсы алды. Құлшылық үйіне жиналған халықтың қарасы көп болды.


 Жалпы құрбан «жақындау» дегенді білдіретін араб сөзі. Шариғаттың терминдік мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндері арнайы шалынатын малды айтады екен.

Ақыретте сауапқа кенелтеді дейтін бұл іске тұрғындардың ықылас-ниеті жыл санап артып келеді.

Көпшілікке уағыз айтқан Дариян ауылдық мешітінің имамы Азамат Әбдірахманов діни мерекенің мән-маңызы, қадыр-қасиетіне кеңінен тоқталып, оның ғасырлар бойына ата-баба салтымен сабақтасып келгендігін атап өтіп, құрбан шалуға байланысты да мағлұматтарды айтып өтті.

Айт намазы оқылғаннан кейін ауыл әкімі Б.Ерболатов барша қауымды ұлық мейраммен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Кейін жамағат алдында құрбан шалу рәсімі орындалды.

Алланың рахымы үшін шалынған мал еті жылдағы дәстүрге сай мұқтаж жандарға үлестірілді. Бұл күні Алла үйіне жиналғандар бірін-бірі риясыз көңілмен құттықтап, «Құрбан айттарыңыз қабыл болсын!» деп ақ тілектерін арнады.

 

Гүлжан АЯЗБАЕВА