14.08.2018, 10:18
Қараулар: 13
Спорт – ол өмір

Спорт – ол өмір

Қазақ елінің спорттағы есесі еш уақытта кеткен емес. Әсіресе жекпе-жек өнерін жанына серік еткен спортшыларымыз ел туын жығып көрмеді. Осыдан бірнеше ай бұрын Қытайдың Харбин қаласында ережесіз жекпе-жектің ММА түрінен Азия чемпионаты өткен болатын. Аталмыш чемпионатта Қазақ елі намысын қорғаған жерлесіміз Нұржамал Садықова қарсыластарын қоғадай жапырып, чемпиондық белдікті иеленген еді. Жуырда балға аяқты, балта жұдырықты қарындасымызбен сұқбаттасудың сәті түсті. Ел атын шығарып, көк байрақты көкте желбіреткен қаршадай қазақ қызының алар асуы әлі алда.


 

Нұржамал, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, қай жерде дүниеге келдіңіз?

 

— Орал қаласында туылғанмын, одан соң Дариян ауылында тұрдым, 4-сыныпқа дейін сол жақта орыс мектебінде оқыдым, кейін Орал қаласына көшіп келдік.

 

Спортқа қалай келдіңіз?

 

— Спортқа ең бірінші Дариян ауылында жүрген кезімде келдім. Ол кезде ауылда бокс залы ашылған болатын. Шынымды айтсам, алғашқы бапкерімнің есімін де білмейді екенмін. Өйткені, біраз жаттықтырған соң ол әскерге кетіп қалды.

 


Оралға келгеннен кейін спортты жалғастырдыңыз ба?

 

— Оралға келгеннен кейін спортты жалғастырдым. «Олимп» спорт кешеніне Нұрсұлтан Қонарбаев деген бокс бапкеріне жазылдым.

 

Ал ММА-ға қашан келдіңіз?

 

— ММА-ға 2017 жылы 3 қазан күні келдім. ММА-ға келместен бұрын да спорттан алыс болған емеспін. 10 жасымнан бері бокс залында жүрмін. Арасында жарақат салдарынан үзілістер болды. Спортты шын сүйгендігімнен болар, мүлдем қойып кету туралы ой болмады.

 

ММА-дағы бапкеріңіз?

 

Бапкерім Арыстанов Руслан Мəлікұлы

 

Бұрын бокспен айналысқаныңыздың ММА-да пайдасы тиді ме?

 

— Əрине, бұрын бокспен айналысқанымның пайдасы тиді. Соққым жақсы. Ережесіз жекпе-жек болған соң жан-жақты болған дұрыс. Қазір партер мен күреске мықтап ден қойып жүрмін.


 

Қазақстан чемпионатына қанша рет қатыстыңыз?

 

— Қазақстан чемпионатына 1 рет қатыстым, осы 2018 жылдың наурыз айы еді. Ел біріншілігі  Орал қаласында болды. Жеңімпаз атандым. Сөйтіп, Азия чемпионатына баруға мүмкіндік туды. Бабымыз келіскені болар, Азия біріншілігінде чемпион атандым. Енді қараша айында әлем біріншілігі болады. Əлемдік біріншілікте намысты қолдан бермеуге тырысамын.

 

Қытайдың Харбин қаласында өткен Азия біріншілігі жайында айтып өтсеңіз. Неше жекпе-жек өткіздіңіз?

 

— Үш кездесу өткіздім. Қарсыластарым алдымен өзбек қызы, кейін кәріс және қытай қыздары болды. Барлық кездесуде жеңіске жеттім.

 

Жекпе-жектеріңізді уақытынан бұрын аяқтадыңыз ба?

 

— Жо-жоқ. Барлық кездесуде соңына дейін айқастық. Ұпай санымен жеңіске жеттім. Былайша айтқанда, үлкен еңбекпен келген жеңіс.

 

Алдағы жоспар Әлем чемпионаты ма?

 

— Солай болса керек. Қазір барлық ойым әлем біріншілігі жайында. Жаттығуларымды да күшейттім.

 

    Әлем чемпионатында қарсыластарыңыз кім болады деп ойлайсыз?

 

— Әлем біріншілігіне көлденең спортшы қатыса алмайды. Ол жарысқа келетіндердің қайсысы да мықты. Ал негізгі қарсыластар Ресей мен Украина елдерінің қыздары. Сондай-ақ менің салмағымда мықты швед қызы  бар.

 

Өз салмағыңыздағы бірінші нөмірлерді білесіз бе?

 

— Жалпы білемін. Дегенмен, үлкен турнирлерде күтпеген нәтижелер көп болады. Ал осы күнге дейін танылған спортшы қыздардың жекпе-жектерін қарап, соларға қарсы тактика қойып жатырмыз жаттықтырушым екеуміз. Әлем біріншілігіне дейін үш ай уақыт бар. Дайындықты күшейте беретін боламын.

 

Нұржамал деп есіміңізді кім қойған?

 

Отбасымыз нұрға шомылып жүрсін, — деген ниетпен атам қойған.

 

Үйде нешеусіздер?

 

— Үйдің үлкенімін, інім бар. Арамыз 8 жас.

 

Ініңіз спортпен айналысады ма?

 

Жоқ, інім спорттан алыс.

Ата-анаңыз ше?..

 

— Әкем де, анам да спорты сүйетін жандар. Бірі баскетбол, волейбол ойнаған болса, бірі жеңіл атлетикамен шұғылданған.

Ережесіз жекпе-жек спортымен айналысқаныңызға анаңыз қарсы емес пе?

 

Боксқа барып жүргенімде қарсы болатын. Осы күні үйренді. Қазір анамның өзі кей жекпе-жектерімнің бейнежазбасын қарап отырып, өзіме ақыл айтады. (күлді)

Біздің боксшыларымыздың аналары балаларының ойындарын көре алмайтынын айтады. Ал менің әкем де, анам да мүмкіндік болса, жібермеуге тырысады. Мысалы, биыл қаламызда өткен Қазақстан чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегімді әкем қарағанын білемін. Ал келесі қарсыласыммен шығарда ол болмады. Мен де келмеуін өтіндім.

Неге? Әкеңіз келгенде толқып кеттіңіз бе?

 

Ту сыртыңнан әкең қарап отырғанын біліп жүрсең, қиын екен. Басқаша сезімде боласың.

Ата-анаңыз қандай қызметтер атқарады?

 

— Әкем жеке кәсіпкер, анам үйде.

 

Өзіңе қарап, бой түзеп, спортқа, соның ішінде ережесіз жекпе-жекке ден қойған қыздарға айтарыңыз?

 

— Спорт деген — ол өмір. Спорт — денсаулық кепілі. Қыз бала болсын, ұл болсын, спортпен айналысуы керек. Ал ережесіз жекпе-жекті таңдаған қыздарға бастаған істі соңына жеткізуге тырысу керек екендігін айтқым келеді

 

Сұқбатыңа рахмет!

 

Сұқбаттасқан Түгелбай БИСЕН

 

Біздің анықтама

 

Аты-жөні: Нұржамал Садықова.

Спорт түрі: ММА

Жетістігі: Азия чемпионы.

Салмағы: 52 келі.

Жасы: 22