13.08.2018, 11:37
Қараулар: 10
Жастар күні ерекше мерекеленді

Жастар күні ерекше мерекеленді

Халықаралық жастар күні мерекесі ауданда ерекше салтанатпен мерекеленді.


Кешқұрым аудан жастары мен аудандық мәдениет үйінің ұжымы Переметный ауылындағы орталық алаңға әдемі музыка қосып, ауыл тұрғындары мен қонақтарын жинады.  Орталық алаңдағы әсем ән әп сәтте жиналғандарды баурап әкетті. Бірі достарымен қауышып, шер тарқата әңгіме соқса, енді бірі ән тыңдап, көпшілікпен бірге көңіл көтерді.

Осы бір тамаша мерекеге арнайы келіп, жастармен бірге болған аудан әкімі Асхат Шахаров:

-Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де қай қоғамда да белсенді. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына  себепші. Ал, жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, «Мәңгілік ел» болуына нық қадам болады,-деп жиналғандарды мерекемен құттықтап, ауданның белсенді жастарын марапаттады.


Одан әрі сахна төріне «Жастық-Молодость» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағыныш Нұржан көтеріліп, жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.

Назгүл Жанғали, Мирас Мэлсұлы, Валентин Сажин, Айдана Бақытжанова сияқты ауданның жас өнерпаздары орындауындағы әнмен өрілген кештің сәнін Оралдан арнайы шақыртылған белгілі шоумэн «Бига Борода» мен талай хит әндерді орындаушы жас жұлдыздар Райм мен Артур кіргізді. Аудан тұрғындары мен жастарына ұмытылмас кеш сыйлаған мереке барысында алдын ала сатылған лоторея билеттері бойынша сыйлықтар ойнатылды.

Қызықты кеш шымылдығы отшашумен жабылды.

Түгелбай Бисен


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар