13.08.2018, 11:06
Қараулар: 511
Аудан спартакиадасы мәреге жетті

Аудан спартакиадасы мәреге жетті

Аудан орталығында Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жүлдесіне арналған VI халық спорты ойындары спартакиадасының аудандық кезеңі мәреге жетті.


Зеленовтық ең мықты  спортшылардың басын қосқан байрақты бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов жарыс қатысушыларын құттықтап, бағы мен бабы келіскен спортшы жеңіске жетсін деген  тілегін білдіріп,  спартакиаданың ашылу салтанатына арнайы келген ММА-ден Азия чемпионы Нұржамал Садықоваға қазақы дәстүрмен камзол жауып, құрмет көрсетті..

Шағын футбол, волейбол, стритбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір спорты, қол күресі, шахмат, дойбы, үстел теннисі, асық ату, жеңіл атлетика және жазғы президенттік көпсайыс сияқты спорт түрлерінен өткен байрақты жарыс қорытындысында жалпыкомандалық үшінші орынды Дариян, екінші орынды Янайкин командасы еншілесе, бірінші орын Переметный ауылдық округінің командасына бұйырды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен марапатталды.

Түгелбай Бисен