27.07.2018, 12:12
Қараулар: 580
Жаз жадырап, күн күлдіріп…

Жаз жадырап, күн күлдіріп…

Аудан аумағында орын тепкен облыстық жас туристер стансасы ұйымдастырған шатырлы лагерьде өңіріміздің жас туристері оның ішінде Қазталов, Бөрлі, Ақжайық, Теректі, Қаратөбе аудандары мен Орал қаласынан келген жеткіншектер демалу үстінде.


 

Спорттық бағдалау мен туризмге икемі бар өскелең ұрпақтың басын қосқан лагерьдің мақсаты жеткіншектерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, туризмге деген қызығушылықтарын ояту.

Лагерь жетекшісі, облыстық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының спорттық бағдарлау бөлімінің меңгерушісі Райлан Нұрмановтың айтуынша, бір аптаға созылатын далалық лагерьде спортық бағдарлау мен жаяу туризмде біраз жетістікке жеткен спорт шеберлерімен қатар осы салаға жаңадан аяқ басқан жеткіншектер демалып, туризмнің қыр-сырын үйрене түспек.


— Бір апта бойына балалар демалып қана қоймайды, спорттық бағдарлау мен жаяу туризм әліппесіне қанығады. Аталмыш спортта біраз белесті бағындырған жастар жетерлік. Спорт шеберлері жаңадан келген жеткіншектерге өздерінің көрген-білгендерін үйретуді мақсат еткен. Болашақта «Спортшы боламын, спорттық бағдарлауда үлкен жетістікке жеткім келеді!» — деген балаларға жазғы шатырлы лагерьдің берері мол, — дейді Райлан Ерсайынұлы.

Бірнеше күннен бері ғаламтор мен теледидарға ада боп, табиғат аясында демалуды жөн санаған жеткіншектер арасында «Үйіме кетемін, лагерь ұнамайды» — деп қиқарлық танытқандар кездеспеген. Өйткені, бұл демалыс орнының ұйымдастырлылуы жылдағыдан ерек. Балаларға тамаша әсер қалдыруымен маңызды. Олардың әр уақыты мағыналы шараға негізделген.

Тек жарыс пен спортқа баулуды емес, табиғатты аялау, демалыс орнындағы өмір қауіпсіздігі ережелерін сақтау турасында да біраз білім-біліктерін арттыратын лагерьдің пайдасы мол.

Демалыс орнының ашылу салтанатына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметшілерін шақырған қосымша білім беру педагогтары балаларды далалық жағдайда алау жағу, суға шомылудағы қауіпсіздікті сақтау сияқты ережелермен жіті таныстырған. Және де қатаң сақталуын қадағалайды.


— Оқу жылы аяқталысымен демалыс лагерінің ережесі бекітілді. Таңмен таласа тұрған балалар жаттығу жұмыстарын жасайды. Жуынып, таңғы ауқатын алған соң аздап демалып алады да практикалық жұмысқа кіріседі. Практикалық жұмысымыз жарыс түрінде өтеді. Кейін жарыс барысына жіберген қателерімен жұмыс жасалады. Өйткені лагеріміздің негізгі мақсаты балаларды спорттық бағдарлауға баулу. Дегенмен жеткіншектерді жалықтырып жібермес үшін түскі астан кейін демалыс ұйымдастырып, арнайы кеудешемен (жилет) суға шомылдырамыз. Ал кешкі салқын түскен соң қызықты спорттық ойындары жүргізіледі. Әлемге танымал спорттық бағдарлаушылардың экран арқылы сұқбаттарынан үзінділер көрсетіліп, жоғары жетістіктегі спортшылардың тәжірибелері таныстырылады, — дейді лагерь жетекшілері.

Демалушылар арасында Жанболат Дәуіт сияқты халықаралық санаттағы спорт шеберін де кездестірдік.

Келер айда спорттық бағдарлаудан әлем чемпионатына аттанғалы жүрген ол:

— Бұл демалыс мен үшін өте жақсы. Техникалық-тактикалық дайындығымды шыңдап жатырмын. Әлем чемпионаты кезінде осы жердегі дайындығым көмегін тигізеді деген ойдамын, — дейді.

 

Түгелбай БИСЕН


 

Диана САҚЫПКЕРЕЕВА,

демалушы

Бөрлі ауданы

 

— Шатырлы лагерьге Бөрлі ауданына қарасты Бумакөл ауылынан келдім. Жаттықтырушым Аслан Ізімғали. Демалыс өзіме үлкен әсер қалдырды. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы, екіншіден, туризм мен спорттық бағдарлау саласы бойынша көп нәрсе үйрендім. Компаспен, картамен жұмыс жасау қатты ұнайды.


 

Дастан БЕКТҰРҒАНОВ,

демалушы

Қазталов ауданы

 

Демалыс өзіме қатты ұнайды. Картамен жұмыс жасауды, түрлі кедергілерден өтіп, қиындықтарға төтеп беруді үйрендік.

Облысымыздың бірнеше ауданынан келген өзім қатарлы жеткіншектермен таныстым. Жаңа достар таптым. Шатырлы лагерь жұмысына сәттілік тілеймін.

Білім көкжиегі

Басқа да мақалалар