25.07.2018, 18:51
Қараулар: 103
Финалға өткендер анықталды

Финалға өткендер анықталды

Әр сәрсенбінің кеші аудан орталығында қызыққа толы өтеді. Өйткені дәл осы күні аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастыратын «Туған жер – тұнған шежіре» интелектуалды сайысы оздырылады.


Ел тарихы, ауданнан шыққан тұлғалар, өлкеде болған тарихи оқиғалар жайында біраз дерекке қанық қылар білім жарысының осыған дейінгі кезеңдерінде Қасым Аманжолов атындағы орта мектебі, Переметный ауылдық округі әкімі аппараты мен БҚО мамандандырылған күзет қызметі мемлекеттік мекемесінің командалары жеңіске жетіп, финалдық кезеңге жолдама алған болатын.

Ал, осы финалға берілер соңғы жолдама сарапқа салынған іріктеудің соңғы сайысына аудандық балалар саз мектебі, қосымша білім беру орталығы, «Ақбота» жекеменшік балабақшасы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің командалары қатысты.

Ойын басынан мықты дайындықпен келгендігін көрсете білген аудандық ішкі саясат бөлімінің командасы алғашқы кезеңдерде қарсыластарын шаң қаптырғанымен соңғы кезеңдерде «Ақбота» балабақшасының ұжымы жинақы ойнап, ойын фавориттеріне біраз қарсылық танытты. Дегенмен алғашқы кезеңдерде жинаған басымдықты бермеуге тырысқан ішкі саясат бөлімінің тобы жеңіске жетті.

Енді олар қыркүйек айында өтетін жарыстың финалдық кезеңінде басқа үздік ұжымдармен  бақ сынасатын болады.

 

Түгелбай БИСЕН