20.07.2018, 22:20
Қараулар: 8
Ел игілігіне — қос саябақ

Ел игілігіне — қос саябақ

Аудан орталығында Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласының 20 жылдығы аясында қос саябақ ел игілігіне пайдаланылуға берілді. Оның бірі «Бейбітшілік пен келісім» саябағы болса, екіншісі «Астана» саябағы.


 

«Бейбітшілік пен келісім» саябағының лента қию рәсімін аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Әзілхан Бисенғалиев пен орыс православтық шіркеуінің протиерейі Георгий Лемачко жүргізді.

Саябақтың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.

Мұсылмандар мешіті мен шіркеудің арасын жалғай орналасқан саябақтың нақ ортасында биіктігі 40 метрлік тұғырда орын тепкен көк байрақтың ерекше салтанатпен биікке көтерілуі барша тұрғындарға татулықтың айшықты үлгісіндей әсер сыйлады.


Аудан халқын саябақтың ашылу салтанатымен құттықтаған аудан әкімі Асхат Шахаров:

– Біз – бақытты елміз, біз – бақытты ұрпақпыз. Егеменді еліміздің көк байрағының биікте желбірегеніне әр қазақстандық қуанады.

Бүгінгі ұрпақ еліме қандай үлес қоса аламын деген ұлы сезіммен еңбек етсе, біздің болашағымыз бұдан да жарқын бола бермек.

Бүгінгі ашылған саябақ халықтың сұранысы бойынша ашылып отыр.

Біздің еліміз ешкімді ұлтқа бөлмейді. Дінаралық, конфессияаралық келісім берік орнаған. Әрдайым да игі істердің аясында тұрақты дамудың үлгісіндей көрінер жағымды жаңалықтарымыз көп болсын! – деді.


Ағайынды ел жаңалығымен құттықтай сөз сөйлеген еңбек ардагері Сатыбалды Төлегенов елдегі игі істерге ризашылығын білдірді.

Жергілікті әнші Ақан Жекековтің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әні ырғағында аспанға бейбітшіліктің нышаны ақ көгершіндер ұшырылды.

Ал, мерейлі Астана мерейтойын айшықтар «Астана» саябағының лента қию құрметін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы,  жерлесіміз Ақсерік Әйтімов пен Батыс Қазақстан облысы бойынша спорттық бағдарлау жеңімпазы, Қазақстан Республикасының  чемпионы, 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, спорт шебері, Астана қаласының құрдасы, аудан мақтанышы Наргиза Иргусаева жүргізді.

«Астана» саябағының ашылуымен аудан халқын құттықтап сөз сөйлеген аудан басшысы Асхат Берлешұлы елдегі іргелі істерге тоқталып өтті.

Ал, салтанатты шарада сөз алған «Риченька» украин этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Татьяна Гоголевой мен БҚО бойынша спорттық бағдарлау жеңімпазы, Қазақстан Республикасының чемпионы, 2015 жылы Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, спорт шебері, Астана қаласының құрдасы, аудан мақтанышы Наргиза Иргусаева ел дамуы жолындағы іргелі істерге ыстық ықылас танытты.

Одан соң көңілді әуен ойналып, саябақ ішіндегі субұрқақ қызығы тамашаланды. Осы орайда «Ару-Астана» әнін Айдана Бақытжанова мен Нұрдәулет Зейнуллин орындады.


 Салтанатты шараның екінші бөлімі «Жасыл ел» жастар бағдарламасынан тұрды.

«Жасыл ел» бағдарламасы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақұлдануымен жүзеге асырылған төл идея болып табылады.

2005 жылдан бері республика көлемінде жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарлама Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсарту және мектеп жасындағы оқушылар мен жоғарғы оқу орындарында білім алатын студенттерден бөлек жалпы жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Айта кету керек, маусым айынан бастап аудан орталығы Переметный ауылында 10, Январцев ауылында 6, Дариян ауылында 14 «Жасыл ел» еңбек жасағы мүшелері өз қызметтерін абыройлы атқарып келеді.

Шарада сөз сөйлеген облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының басшысы Қанат Досмағамбетов жастарды еңбекке, бірлік пен татулыққа шақырар еңбек жасағының басты ерекшеліктеріне тоқталды.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшесі Лилиана Үсенованың жалынды үнқосуынан соң «Жасыл ел» сарбаздары флешмоб орындады.                      

Шара аясында өнер өкілдері мен аудан жастары ән шырқап, мереке ажарын кіргізді.

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Суреттерді түсірген Түгелбай БИСЕН

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар