17.07.2018, 9:46
Қараулар: 7
Экологиялық акция жалғасын тапты

Экологиялық акция жалғасын тапты

Ауданымызға қарасты Дариян ауылындағы М.Шолохов атындағы мұражайда көршілес Ресей елінің Орынбор облысы өкілдері ағымдағы жылдың наурыз айында бастаған «Орал қоймасына – таза жағалау және тату көршілер» атты акциясының кезекті кезеңі дөңгелек үстелмен жалғасын тапты.


 Орынбор облысының Первомай, Ташла аудандарының өкілдері, ауданымызға қарасты ауылдық округ әкімдері, облыстық, аудандық әйелдер   қоғамдастығының мүшелері қатысқан басқосуды ашқан Зеленов ауданының әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов:

— Орынбор облысы, Первомай ауданы оқушыларының жұмылуымен басталған «Таза жағалау» акциясы біздің шекарамызға дейін қарқын алды. Тазалық та зор табыс. Су жүретін арықтарды тазалау, су жағалауын тұрмыстық  қалдықтардан тазарту жұмыстары барысында акцияға қатысушыларының белсенділігі бәрімізді қуантады, — деді.

Одан соң сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко екі ел арасындағы татулық пен нәзікжандылардың қоғамдағы, саясаттағы орны жайына тоқталды.

Ал, Ресей елінің Орал қаласындағы вице-консулы Владимир Волков болса, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Сондай-ақ жиынға қатысқан Орынбор облысы әйелдер қауымдастығы  орталығының төрайымы Ольга Хромушина, Ташла ауданы губернаторының  орынбасары Александр Фомичев, Первомай ауданы губернаторының  орынбасары Анатолий Катричев, Первомай ауданы оқушыларының   ұйымдастырушысы Людмила Марченко, биология пәнінің мұғалімі Евгений  Безуглов жас ұрпақты тазалықтың мәнін терең түсініп, табиғатты аялай  білуге шақырды.

Шарада Дариян ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы, «Шолоховтану» үйірмесінің мүшесі Рустам Экимов «Туған өлкеге саяхат» тақырыбында бейнекөрсетілімді көпшілікке ұсынып, жиналғандардың таңданысын тудырды.

Дариян ауылының табиғаты жайында ой толғаған бейнетаспаға риза болған Елена Тарасенко Рустам Экимовке алғысын жаудырды.

Осылайша экология тақырыбында ой өрбіткен басқосу мәдениет   үйінде жалғасты.

Ауданымызға қарасты барлық жергілікті округтің өкілдері әзірлеген

қолөнер шеберлерінің әзірлеген көрмесі тамашаланды.

Әр түрлі бұйымдар мен Астананың 20 жылдығына орай дайындалған   гүлдер композициясы, фотоальбомдар қонақтардың көңілінен шықты.

Сонымен қатар фойеде ұйымдастырылған Озерный ауылының    тұрғыны Михайл Федоровия Старинецтің саломкадан жасаған    картиналарын меймандар тек тамашалап қана қоймай, естелікке сатып та алды.

Акция жұмысына арнайы қатысқан аудан әкімі Асхат Шахаров:

— Екі елдің арасындағы татулығымыз ұзағынан болғай! Барлықтарыңыздың отбастарыңызға амандық, саулық тілеймін.

Осындай айтулы шаралар жалғасын таба берері сөзсіз.

Бұл жолғы  шараның мәні басқа, мазмұны терең болды. Сондықтан да қатысушылардың барлығына ризашылығымды білдіремін, — деген шынайы лебізімен бірге үгіт-насихат тобының модераторы Елена Тарасенкоға алғыс хат пен сыйлық табыстады.

Сонымен бірге аудандық «Арна» әйелдер қоғамдық бірлестігінің   төрайымы Ольга Смак қолөнер шеберлері дайындаған байқауын түйіндеп, өз  үлесін қосып жүрген әйелдер қауымдастығының мүшелеріне алғысын жеткізді.

 

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Дариян ауылы