6.07.2018, 9:27
Қараулар: 14
Тарихи-өлкетану музейі ашылды

Тарихи-өлкетану музейі ашылды

Елордасы Астана қаласының 20 жылдығы аясында тұңғыш рет аудандық тарихи-өлкетану музейі есігін айқара ашты. Салтанатқа жиналған ауыл тұрғындары да, алыстан ат арытып келген меймандар да көп болды.


 Переметный ауылы орталығында орналасқан музей алыстан көз тартады. Екі қабатты ғимаратта орын тепкен музей 500-ден аса шаршы метр аумақты қамтиды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында тұсауы кесілген музейде 300-ге жуық жәдігер бар.

Аудан тарихын көз алдыңызға әкелер руханият ордасының ашылу салтанатына аудан әкімі Асхат Шахаров, ардагер-өлкетанушы Жайсаң Ақбай, тарихшы ғалымдар Дәметкен Сүлейменова, Жаңабек Жақсығалиев, Мұрат Сыдықов, еңбек ардагерлері т.б. қатысты.


Саланатты шараны ашып сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Берлешұлы аудан тарихында ардагерлердің, жергілікті халықтың сұранысына орай кәсіпкерлердің қолдауымен ашылған музейдің ашылу салтанатымен барша ағайынды құттықтады.

Музейдің лента қию рәсімін аудан әкімі Асхат Шахаров пен ардагер-өлкетанушы Жайсаң Ақбай жүргізді.

Музей ішін толыққанды аралай отырып, көптеген тарихи жайттарға қанық болуға болады.

Жасыл ауданның кешегі өткен тарихы, даму жолы, еңбек адамдары, даңқты тұлғалар туралы т.б. мәліметтер музейде сөйлеп-ақ тұр.

Бұл кейінгі толқынға ру­хани әрі пат­риот­тық бағытта тәрбие берері хақ.

Келушілер музей ішін тамашалай отырып, ауданның тарихынан, экономика, әлеуметтік сала, саясаттағы т.б. ел табыстарына терең бойлай алады.

Бі­рінші зал – Қазақстан тарихына тиесілі. Бұл залда ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі ұлт тарихының даму кезеңдері көрініс тапқан. Екінші зал – өлке табиғатын сипаттап тұр. Үшінші зал – толықтай дерлік астықты алқап тынысы, бидай сорттары, егін саласы шаруашылығының ардагерлері т.б. іргелі іс­терді ұсынады. Төртінші залға бас сұғып, геология бағытындағы материалда­рымен таныса ала­сыз.

Екінші қабатта көрме залы жұмыс жасайды. Көрме залында аудан қолөнер шеберлерінің, суретші, мүсіншілердің жұмыстары қойылған.

Бұл қабатта орналасқан конференц залда түрлі тақырыптарда ғылыми-практикалық конференциялар, семинар-кеңестер өткізу жоспарланған.

Осы қабатты аралай жүріп, ауданнан түлеген тұлғаларға арналған залға кезігесіз. Оның ішінде ауданнан шыққан ақын-жазушылардың еңбектері де назарға алынған.

Сонымен қатар бұл залда ауданнан алыс-жақынды шетелге өнім шығарушы өндіріс орындарының макеттері де бар.

Айта кету керек, бұл қабатта Ассамблея кабинеті де жұмыс жасайды. Ендігі уақытта ауданда шоғырланған 40-тан астам ұлт өкілдері осыбір залда бас қосып, салт-дәстүр, мәдениет пен өнер, т.б. бағытта жұмыстар жүргізуге мүмкіндік алмақ.

– Ауданымызда тұңғыш рет музейдің ашылуы керемет әсер қалдырып отыр. Егемен еліміздің Ел­басымыздың сындарлы саясаты аясында облыс, аудан басшылығының қолдауымен ашылған музей ішінен ел тарихын көріп, көңіліміз тол­қып-ақ тұр. Орталықтың ішін аралап шы­ғып, балалық шағымыз еске түсіп, кино лен­тадай көз алдымыздан сырғып өтті.

Му­зейдің іші өте бай, экспонаттар өз орны­мен, өз ретімен орналастырылған екен. Музей басшылығының еңбегіне табыс тілейміз, – дейді еңбек ардагері Сатыбалды Төлегенов.

– Музей халқымыздың тарихи-мәдени мұраларын болашақ ұрпаққа жеткізеді. Аудан тарихы көне заманнан басталатыны көпке белгілі.

Бұл музейде аудан тарихы, тәуелсіздік жолындағы ел бастаған тұлғалар, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлар бейнесі, өнер мен мәдениет, спорт саңлақтары, соғыс және еңбек ардагерлері, ауданымыздың құрметті азаматтарының жеңісті де жемісті жолдары жұрт назарына ұсынылып отыр, – дейді музей меңгерушісі Нұржан Дүзбатыров.

Дәл осы күні музей залында «Өлкетану: өткеннің ізі – бүгінге бағдар» тақырыбында конференция оздырылды.

Конферения аясында белгілі тұлғалар Ж.Ақбай, Д.Сүлейменова, М.Сыдықов, А.Әйтімов, Ж.Жақсығалиев, еңбек ардагерлері М.Жұбандықов, Ф.Яфаров, аудандық мәслихат хатшысы Р.Исмағұлов сөз сөйлеп, музейге сыйға кітаптар тарту етті.

Аудан тарихында тұңғыш рет ашылған музейге қолдау көрсеткен «Семья» ЖК (жетекшісі Бақыт Неталиева), «SK BAT» ЖШС (жетекшісі Бауыржан Сакпиреев), «Өмірбаева» ЖК (жетекшісі Сайра Өмірбаева), «Махмутов» ЖК еңбектері ересен.

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

 Суреттерді түсірген Түгелбай БИСЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар