6.07.2018, 9:17
Қараулар: 115
Татуласу орталығы ашылды

Татуласу орталығы ашылды

Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылы орталығындағы Достық үйінің жанынан Татуласу орталығының ашылу салтанаты оздырылды.


 Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сай Татуласу орталығының ашылып, өз жұмысын бастауы ауданымызда медиация саласының маңызды бағыттарына басымдық берілгендігін аңғартады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен жүзеге асырылып жатқан «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының бірі «Татуласу орталығы» жобасы болып табылатындығы айқын.


Жобаның мақсаты – халық арасында дауды соттан тыс шешу, қоғамдағы қайшылықтарды, дауларды азайту институттарын насихаттау және дамыту алаңдарын құру болып табылады.

Ендігі уақытта аталмыш орталықта дауласушыларды келістіру, мүмкін болса татуластыру, істі сотқа қаратпай тыңдыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Асхат Шахаров аталмыш нысанның маңыздылығын атап көрсетті.

— Құрметті бүгінгі шараға қатысушылар, зиялы қауым өкілдері, алдымен баршаңызды еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығы мерекесімен құттықтаймын.

Мерейлі мереке қарсаңында маңызы зор Татуласу орталығын ашып отырмыз. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді халық даналығы. Адам қай уақытта да барлық істі ақыл-ойға жүгініп, байыппен шешуі керек.

Ендігі уақытта көптеген мәселелер осы орталықта шешілетін болады.

Сол себепті қоғам болып, әр істе бірлік, байсалдылық танытуымыз керек. Орталықта елге сөзі өтетін ардагерлер де баршаға ақыл-кеңесін беретін болады, — деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы.

Одан соң шараға қатысушылар бөлмелерді аралап, орталық жұмысымен танысты.

Шара аясында аудан әкімі А.Шахаров пен аудандық соттың судьясы Роза Сариева, аудандық ішкі істер бөлімнің басшысы Сары Әлішер Сағындықұлы мен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Асылбек Ищанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Меңдалиев пен медиатор Аманжол Жұманиязов меморандумға қол қойды.

Айта кету керек, аталмыш орталықта медиатор, адвокат, ақпараттық кабинет жұмыс жасайды.

Татуласу орталығынан соң меймандар «Домбыра» скверіне барды.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар