3.07.2018, 16:12
Қараулар: 6
Пайдалы қазбалар – таптырмас байлық

Пайдалы қазбалар – таптырмас байлық

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев елімізде ауқымды инновациялық жобалар жүзеге асыру, қуатты инфрақұрылымдық бағдарламаларды дамыту керектігі мен экономиканы әртараптандыруға және оның шикізатқа тәуелді болмауын қамтамасыз ету қажеттілігін тапсырған болатын. Осы ретте өңірімізге жайқалған жасыл алқапты ақ бидайымен танымал ауданымызда соңғы жылдары мұнай көздері табылып, игеріліп жатырғандығы ел үшін үлкен абырой. Бұдан бөлек, аудан аумағынан басқа да пайдалы қазбалар табылғандығын атап өту ләзім. Әсіресе, құрылыста таптырмас мергель, кермазит, құмтас сияқты қазбаларды өндіруді қолға алуымыз керек.


Аудан аумағының пайдалы қазбалары туралы алғашқы деректер ХVІІІ ғасырда белгілі неміс-орыс ғалым-энциклопедисі Петер Симон Палластың «Путешествие по разным провинциям Российского государства» атты еңбегінде кездеседі.

1768 жылдың жазында өңіріміздің геологиясы мен этнографиясын біраз зерттеген ғалымның еңбектерін негізге алған аудандық жас туристер стансасының қосымша білім беру педагоы Ольга Субботина шәкірттерімен бірге ғалым көрсеткен аймақтарға бірнеше туристік жорықтар жасап, Железнов ауылдық округіне қарасты Соколовка, Чурбановка ауылдары маңынан мергелдің кен орындарын тапқан.

– Аудан аумағында мергель, құмтас, керамзит сияқты пайдалы қазбалардың бар екендігі бұрыннан белгілі. Бірақ, керамзиттен басқасы ешқашан зерттеліп, өңделген емес.

2016 жылы «Жас геолог» үйірмесі оқушыларымен бірге Соколовка ауылынан 5 шақырым жерден керамзит таптық. Оның құрамы осы күні Краснов ауылы маңында өңделіп жатқан керамзитпен бірдей болып шықты. Қаржы құйып, аталған орынды игеруге болады. Сондай-ақ құмтас та зерттелді.

Аудан аумағынан табылған құмтас үлкен жолдарды салуға жарамағанымен ауылішілік шағын жолдарды жөндегенде пайдалануға болады деген шешім шығарылды.

Мергел туралы айтар болсақ, ол әлі зерттелу үстінде, – дейді жас геологтардың жетекшісі Ольга Виниаминқызы.

Қазіргі таңда Батыс елдері құрылыс саласында мергельді өте көп пайдаланады. Негізінен әлемдік нарықтағы мергельдің көп бөлігін Түркия, Англия мен АҚШ өндіреді екен.

Аудан аумағындағы аталмыш қазбаны өндіруді қолға алар болсақ, біз де біраз табысқа кенелеріміз анық. Өйткені Соколовка маңындағы мергельдің қоры бай. Бұдан бөлек мергель өңіріміздің Бөрлі ауданында да бар екен. Қалай дегенде де аудан аумағынан табылған қазба байлықты әбден зерттеу керек. Ол жұмыс осы күні қолға алынған. Егер ғалымдар аталған табиғи қазба байлықтарының шынымен де өндірістік масштабта пайдалануға болатындығын растаса, қазақстандық мергель нарықтан өзінің орнын алары анық.

Бұл ойды Қазақстан Республикасының құрметті геологы Г.Якименко де құптап отыр. Білікті маман аудан аумағынан табылып, Краснов ауылынан алынып жатқан керамзит жайында:

– Краснов ауылы маңынан табылған керамзит өткен ғасырдың 60-жылдары зерттелді. Орал қаласында оны өңдейтін зауыт та салынды. Бірақ, осы күнге дейін ол зауыт Алғабас маңындағы Талсай деген жердің керамзиті өңделген болатын. Осы күні Зеленов ауданы аумағынан табылған керамзит өңделіп жатыр. Ғалымдар Краснов ауылынан табылған керамзитке өте жоғары баға берді. Ондай мықты керамзит табиғатта көп кездеспейді. ТМД аумағында Краснов керамзитіндей қазба жоқ, – дейді.

Расымен де аудан егінге ғана емес, табиғи қазба байлықтарына да бай. Соңғы жылдары елімізде құрылыс қарқын алғандығын ескерер болсақ, оған қажетті материалдарды сырттан тасымай, өзіміз де өндіре аламыз. Ол үшін жоғарыда аталған байлықтардың қорын анықтап, өндіріске инвестиция құю қажет.

Қазіргі таңда аудан аумағында табылған табиғи байлықтардың ішінде тек керамзит қана пайдаға асып отыр.

Краснов ауылы маңынан алынып жатқан керамзит үлкен көліктермен Орал қаласындағы зауытқа жеткізілуде. «Стройкомбинат» ЖШС-нің зауытында аудан аумағынан алынған керамзиттік балшық толық өңделіп, одан құрылысқа қажетті түрлі бұйымдар жасалады.

Атап айтар болсақ, кірпіш, бетон, шеңбер, керамзиттік қиыршық тастың бірнеше түрі, іргетастық блоктар және плиталар.

Енді олар қалай жасалады? Алдымен карьерден келген керамзиттік балшық жуылып тазаланады. Кейін кептіріліп, арнайы лентаға түскен соң шикізатқа араласқан тастар іріктеліп, шығарылады. Балшық тығыздалып, қажетті қалыпқа салынған соң кептіріледі де арнайы пешке кіреді. 2,5 метр диаметрлі екі пеш 1200 градусқа дейін қызады. Пештен шыққан өнім арнайы суыту орнына түсіп, екі сағат ішінде қажет деген өнім дайын болады.

Батыс аймағында теңдесі жоқ зауыттың өнімдері еліміздің Астана, Қарағанды, Атырау қалаларында үлкен сұранысқа ие. Күн санап өнім сапасын арттыруды көздеген «Стройкомбинат» ЖШС Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек

Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр» деген сөзін алға тартып, өнім сапасын, жұмыс тиімділігін қашан да арттырып отырады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:

– Нарықтың кеңейуі мен мықты бәсекеге төтеп беруге дайын болу,  көрші елдермен экономикалық сауда-саттықтағы ашықтықты күні кеше ғана шығарып отырған жоқпыз. Бірнеше жылдан бері дайындық жұмыстарына ден қойып келдік. Ал енді өз кәсіпкерлерімізді қолдауда, біздің әрқайсымыз отандық өнімдеріміздің тұрақты әрі белсенді тұтынушымыз болуымыз керек. Бұл біздің бойымызда патриоттық рухымызды да қалыптастырып, жани түседі, – деген болатын.

Шетелден келген ешбір өнімнен кем түспейтін отандық өнім өндірушілерге тек үкімет емес ел болып та қолдау көрсету керек-ақ.

 

Түгелбай БИСЕН

БІЗДІҢ АУЫЛ ОСЫНДАЙ!

Басқа да мақалалар