3.07.2018, 10:24
Қараулар: 6
Ұлттық домбыра күні аталып өтті

Ұлттық домбыра күні аталып өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық домбыра күнін белгілегендігі туралы 13 маусым күнгі жарлығы шыққандығы баршаға мәлім.


 Жарлықта бұл күннің қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында аталып отыратындығы да жазылған.

Бүгін күн жексенбі болса да зеленовтық ағайын Ұлттық домбыра күнін мерекелеуге жиналды.

Аудан халқын елімізде алғаш мерекеленгелі отырған Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов:

– Құрметті ағайын, Президент жарлығымен бекітілген Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Домбыра – қазақтың жаны. Домбырасыз өмірді елестету мүмкін емес. Киелі аспапта елдің тарихы, кешегісі мен бүгінгі өмірі бар. Баршаңызды айтулы мереке Домбыра күнімен құттықтаймын! – деп мерекелік тілегін жеткізді.


Одан соң зеленовтық ағайынды Домбыра күнімен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев домбыра аспабының қадір-қасиетіне тоқталды.

«Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы қасиетті аспабы – домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырлардың ақыл-ойы, көңіл-күйі жатыр. Домбыра – елдің көнекөз шежіресі» деген болатын музыка майталманы Қаршыға Ахмедьяров.

Расында, қазанаттың шабысындай, ер-жігіттің намысындай, өзен-көлдің ағысындай көрінер домбырада ұлттық рух, болмыс-бітім, ар-ождан бары ақиқат.

Барша жұртты елдік пен бірлікке шақырар домбыраның қасиеті осында болса керек-ті.

Орталық алаңда домбырашылар қазақтың күйлерін орындап, аспаптың асқақ үнін аспанға шарықтатты.

Мерекелік шарада дәстүрлі әнші Артур Сисенов халық әні «Желкілдекті», облыстық «Балдәурен» балалар шығармашылығы байқауының дипломанты Нұрлыбек Мұғалімов Н.Байғаниннің «Еңбек термесін», өзге ұлт өкілі Полина Ищенко Құрманғазының күйі «Терісқақпайды», ең жас домбырашы Нұрберген Ерқашев Дәулеткерейдің күйі «Көроғлыны» шебер орындап, көрермен қошеметіне бөленді.

Әр қазақтың төрінде ілулі тұратын қасиетті аспаптың үнін жүректерге жеткізер Домбыра мерекесінде Переметный, Дариян, Янайкин, Щапов, Озерный, Январцев, Трекин ауылдық округтерінің өнерпаздары өнер көрсетті.

Ұлттың киелі аспабы домбыраны дәріптеген мереке барлық домбырашылардың орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен сахна шымылдығын жапты.

 

Ертай БИМҰХАНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар