28.06.2018, 16:32
Қараулар: 8
Редакция қызметкерлері марапатталды

Редакция қызметкерлері марапатталды

28 маусым Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Залмұқанов аудандық «Ауыл тынысы» газеті редакциясы ұжымымен кездесіп, төл мейрамдарымен құттықтады.


 – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»    бағдарламалық мақаласында көздеген жаңғыру сатыларын еңсеруде ел   газетіне жүктелер міндет зор.

Жыл өткен сайын жергілікті журналистер аудан деңгейінде шектеліп  қана қоймай, әлеуметтік желілер арқылы да аудан тынысын облыс, республикаға жеткізуде табысты еңбектеніп келеді.

Сіздер халықты қоғамның беталысымен құлақтандырып, өзара  байланыстырудағы қызметін қалтқысыз атқарып келесіздер.

Сіздер игі бастаманы халыққа жан-жақты жеткізіп, елдің талқысына   салатын, тұрғындар көзқарасын саралап, қоғамдық пікірдің қалыпты   орнығуына белсенді үлес қосудасыздар.

Қоғам өмірінің жаршысы болған қызметтеріңізге толайым табыс  тілеймін. Жасампаз жаңалықтарыңыз көп болғай! – деген аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Дүйсенұлы аудан әкімі А.Б.Шахаровтың атынан газет тілшісі Гүлжан Аязбаева, бет құрушы Асылан Әлмұқановқа алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ басқосуда сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Рамазан  Исмағұлов редакция басшылығы мен қызметкерлерге жүрекжарды лебізін   жеткізді.

Мерекелік шарада сөз сөйлеген «Жайық Пресс» ЖШС Зеленов филиалы – аудандық «Ауыл тынысы» газетінің директор-редакторы Ертай Бимұханов газет сапасы мен таралымын арттыру мақсатында ой қозғап, әріптестерін мерекемен құттықтады.

Жиын соңында сөз алған тілші Гүлжан Аязбаева, корректор Альбина Байсариева төл мереке қарсаңында көрсеткен сый-сияпаттары үшін ризашылықтарын білдіріп,  әріптестерін төл мейрамдарымен құттықтады.

Салтанатты жиында Дариян ауылдық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі  Артур Сисенов домбырамен әуелете ән шырқап, мереке шырайын келтірді.

Гүлжан АЯЗБАЕВА