29.06.2018, 16:00
Қараулар: 12
Бабадан қалған сырлы әуен

Бабадан қалған сырлы әуен

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында ауданымызда «Бабадан қалған сырлы әуен» атты облыстық ұлт аспаптар фольклорлық ансамбльдерінің фестивалі өтті.


Фестивальге облыстың «Нарын сазы» (Бөкей ордасы ауданы), «Жайық сазы» (Ақжайық ауданы), «Жас дәурен (Тасқала ауданы), «Торыатбасы» (Шыңғырлау ауданы) және «Шежіре» (Зеленов ауданы) аудандарының фольклорлық ансамбльдері қатысып, өнерсүйер ағайынды ән мен жырға бөледі.

Бабадан қалған ұлттық өнерді насихаттау, рухани құндылықтарды арттыру, жастарды қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен таныстыру арқылы ұлттық рухани құндылықтарды қастерлеу, құрмет тұтуға тәрбиелеу, оларды рухани мәдениеттің нәрімен сусындату, қазақтың дәстүрлі музыкасы арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін кеңінен насихаттау мақсат-міндеттерін қамтыған салтанатты шарада атам қазақтың қанына сіңген өнердің озық үлгілері бұқара халыққа паш етілді.

Ауданға табан тіреген өнерпаздарды аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов қарсы алып, меймандарға «Қош келдіңіз!» айтты.


«Елім менің» монуметі, аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Достық үйінде», «Ана мен бала» саябағында болып, «Жеңіс» саябағында майданнан оралмаған боздақтар ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Фестивальдің ашылу салтанатын құттықтау сөзбен ашқан аудан  әкімінің міндетін атқарушы М.Залмұқанов шараның басты шарттары мен мән-мазмұнына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Фестиваль қатысушылары қазақтың күйлеріне қоса, шетел классиктерінің де шығармаларын орындап, көрермен делебесін қоздырды. Барша ағайынға мерекелік көңіл күй сыйлаған фестивальдің жабылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Залмұқанов барлық қатысушыларға салтанатты түрде алғыс хаттар мен кәде-сыйлар табыс етті.

Фестиваль аясында мәдениет үйінің алаңында қос киіз үй тігіліп, ұлт аспаптары көрмесі ұйымдастырылды.

Шараны ұйымдастыруда қолдау білдіргендігі үшін облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов бастаған облысқа белгілі өнер майталмандары Зеленов ауданы әкімдігінің алғыс хатымен марапатталды.

Ертай БИМҰХАНОВ