19.04.2018, 12:37
Қараулар: 30
Төңірек тазалығына тұрғындар наразы

Төңірек тазалығына тұрғындар наразы

Облыс орталығына іргелес орналасқан Мичурин ауылын қаламен байланыстырып бірнеше автобус қатынайды. Олардың барлығының тоқтайтын орны сол ауыл іші екені түсінікті.

Жуырда №39 және №3 автобустардың ауыл ішіндегі аялдамасы маңында тұратын азаматтар хабарласып, көлік жүргізушілері мен кондукторлар үйлерінің айналасын әбден ластағанын айтып шағымданды.


Дереу қоңырау түскен аймаққа барып, шектен шыққан жауапсыздыққа куә болдық. Біз барардан бір күн бұрын ауылдық округ әкімдігі мен аялдама маңында тұратын тұғындар сенбілік өткізіп, автобус тұрағын ретте келтірген көрінеді. Десе де, темекі тұқылы, пластикалық құтылар, көліктің май сүзгілері мен асфальт үстінде әр жерге тамған май дақтары төңіректің берекесін қашырған. Ал, әжетхана жайы тіптен бөлек. Тұрақ төңірегінен қазылған әжетхананың иісі қолқаны қабады. Барып, біраз уақыт көлік жүргізушілерін бақылап тұрдық. Бірдеңе сезді ме, қайдам жүргізуші мен кондуктор ішкен асынан босаған пластикалық ыдыстарын көлік ішіне жасырды.


Кейін жүргізушілерді сөзге тарттық. Айналада ластың ізі көрініп тұрғанымен ешқайсы ластамаймыз, ішіп, жегенімізді көлігімізге салып жақын маңдағы қоқыс тастағышқа лақтырамыз,-деп ақталды. Рас та болар. Бірақ, бес саусақ бірдей емес. Барлық жүргізуші солай жасаған болса, тұрғындар шағымданбас еді. Қалай десек те, жұмыс орындарының тазалығына алдымен жүргізушілер жауапты. Ол үшін жағдай жасалғаны жөн. Өйткені, аялдама маңында қоқыс жәшігі де темекі шегу орны да жоқ. Ең жақын қоқыс жәшігіне дейін екі аялдамадай қашықтық жүру керек екен. Дегенмен, бұл ешкімді ақтамайды. Мейлі күніне екі рет кел, мейлі бірнеше минут қана аялда, тұрған жерін ат қораға айналдыруға  ешкімнің құқы жоқ.

Тілдесу барысында айналадағы қоқысты түсірмек болған әріптесіміздің қолындағы телефонға жармасқан кондуктордың қылығы шошытты. «Мен де түсірем. Сен ешкімді ескертпедің» деген жүргізушінің көмекшісі адамды сабайтындай тіпті.

Сол маңда тұратын ағайынның да уәжін тыңдадық. Осы күнге дейін автобус жүргізушілеріне әбден жаманатты болдық дейтін тұрғындар: — Көлік тоқтап, қозғалыс саябырсығасын көшеге балалар шығады. Олар көлік майына былғанады, өзіміз темекі тұқылы мен шай қалдықтарын жинап әлек боламыз, — дейді. Ашынған тұрғындар автобустарының ішін тазалап, қоқыстарын тұрған жеріне тастап жатқан кондукторлардың әрекетін таспаға түсіріп алған.

Аталған мәселенің мән-жайын білмек болып, аудандық «Тұрғын үй-комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөліміне барғанымызда ондағы мамандар мен бөлім басшысының мәселеден хабардар екенін білдік. Шешу жолдарын да қарастырып қойған мамандар автобус тұрағын ұзарту жөніндегі дайын жобасын көрсетті. Енді көп ұзамай автобустар аялдама жанындағы Садовод көшесімен әрі қарай асатын болады. Ол орынды да талапқа сай рәсімдеу үшін қажетті қаражат бөлінер болса, мәселе түбегейлі шешілгелі тұр екен.

Ол орынның да қалдыққа көміліп қалмасы әр жүргізушінің ішкі мәдениетіне байланысты, әрине.

Т.Бисен