2.12.2020, 15:00
Қараулар: 74
Жаңа форматта жұмыс істеуге көшті

Жаңа форматта жұмыс істеуге көшті

Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі жаңғырту тапсырмасына сәйкес және де «Ақжайық адалдық алаңы» жобасын іске асыру, қоғам мен мемлекет арасындағы қашықтықты жою мақсатында БҚО Әділет департаменті Бәйтерек ауданаралық Әділет басқармасының жұмысы жаңа форматқа көшті.

Енді басқарма қызметкерлері кеңес сұрай келген азаматтарды бұрынғыдай емес, арнайы жасақталған әйнек бөлмелерде қабылдайтын болады.

-Халық алдында барынша ашық болу мақсатында басқарма жұмысын жаңаша «Open space» жүйесіне көшіру туралы ұсыныс тастаған едік. Бүгіннен бастап жұмыстың жаңа форматына көштік. Енді өздерін толғандырған сұрақтарын қойғысы келген азаматтарымыз өзі қалаған маманға еш кедергісіз кіріп, жауап ала алады,-дейді аудандық Әділет басқармасының басшысы Айгүл Жұбанышқалиева.

ҚР тұңғыш Президенті күні қарсаңында пайдалануға берілген жаңартылған кеңсенің ашылуына келген БҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары, «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Бахытгүл Агилманова аудан тұрғындарын қабылдады.

Алдын ала жазылған кезек бойынша келген тұрғындар негізінен жылжымайтын мүлікті сыйға беру және оны жалға алу жөніндегі сұрақтарын қойып, қажетті ақпаратты ала алды.

-ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында барынша ашықтық қағидаларын ұстануымыз керек. Өңір аудандарының ішінде алғаш болып «Open space» жүйесіне көшкен Бәйтерек ауданының Әділет департаментінің жұмысы жақсы. Енді барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, құқықтық мәселелер бойынша сұрақтары бар азаматтарды қабылдайтын мүмкіндік туды,-деді өз сөзінде Б.Агиманова.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы